«ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар жалғасын табуда. Солардың бірі – «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты тағылымды кеш. Бұл шараны «Шымкент қалалық әзірбайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесе ұйымдастырды.
Мерекенің басты мақсаты – Қазақстанда өмір сүріп жатқан әзірбайжан этносының мәдениеті мен тілін кеңінен насихаттап, елдегі этностар арасындағы өзара сыйластық пен ынтымақты одан әрі нығайту болды. Шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты. Кеш барысында қатысушыларға әзірбайжан халқының ежелгі тарихы, ұлттық дәстүрлері мен мәдени мұрасы кеңінен таныстырылды. Ұйымдастырушылар көрермендерге ұлттық өнердің сан қырын қамтыған бай бағдарлама ұсынды. Мұнда би, ән және поэзия өнері тоғысып, қонақтарға рухани әсер сыйлады. Іс-шараның салтанатты ашылуында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ел ішіндегі достық пен бейбіт өмірдің басты тірегі – этностар арасындағы өзара құрмет пен сенім екенін атап өтті. «Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара сыйластықты айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз. Республика күні қарсаңында осындай іс-шаралардың өтуі – елдегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі» деді ол өз сөзінде.
Мәдени бағдарлама барысында көрермендер әзірбайжан халқының би өнерімен танысты. Ұлттық киім киген өнерпаздар сахнада әзірбайжан халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін көріністер ұсынды. Кештің көрігін ашқан ұлттық билер мен әуендер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, әйгілі әзірбайжан композиторларының шығармалары орындалып, көрермендерді әуезді сазымен баурап алды. Мереке аясында жас ұрпақтың өнеріне де ерекше назар аударылды. Жексенбілік мектептің оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Олардың өнері көрерменге ерекше әсер қалдырып, залда отырған ата-аналар мен қонақтардың қошеметіне бөленді. Жас өнерпаздарға грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Шара барысында әзірбайжан халқының ұлттық тағамдары ұсынылған көрме де ұйымдастырылды. Қонақтар әзірбайжан асханасының ерекшелігімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Бұл көрініс тек мәдени шара ғана емес, бауырлас халықтардың достығын бекемдейтін жылы кездесуге айналды. Іс-шара соңында қатысушыларға дастархан жайылып, дәстүрлі әзірбайжан тағамдары ұсынылды. Дәмі мен иісі ерекше ұлттық ас – палау, долма, самса сияқты тағамдар мерекелік кештің ажарын арттыра түсті. «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» күні – көпұлтты Қазақстандағы мәдени әртүрліліктің айқын көрінісі. Мұндай шаралар ел азаматтарының өзге ұлттардың тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, өзара түсіністік пен достықтың нығаюына септігін тигізеді.


