АУДАН ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Қазіргі таңда қоғам мен билік арасындағы ашық диалог орнату – тиімді мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларының бірі болып отыр. Халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін уақтылы шешу мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан қоғамдық қабылдаулар ел ішінде үлкен қолдау табуда. Осындай мақсатты көздеген кезекті қоғамдық қабылдау Шымкент қаласында өтті.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ғимаратында Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қоғамдық қабылдау партияның халықпен тығыз байланысын нығайтып, тұрғындардың нақты проблемаларын шешуге бағытталған іс-шаралардың бірі болды. Оған «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Қалмаханұлы қатысып, тұрғындармен бірге шешім іздеуге атсалысты. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау және тұрғын үй мәселелерін көтерді. Бұл бағыттар – қала халқының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды салалар. Әрбір азаматтың өтініші жеке қаралып, кейбір мәселелерге сол сәтте нақты жауап берілді. Ал күрделі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы әкімнің жеке бақылауына алынатыны айтылды. Берік Айдарұлы қабылдау барысында азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, әрбір сұрақтың маңыздылығына тоқталды. Ол тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. «Халықпен ашық диалог – тиімді шешімнің бастауы. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Күрделі мәселелер заң аясында қаралып, шешу жолдары анықталады. Ең бастысы – тұрғындардың сенімін ақтау», – деді әкім өз сөзінде.
Қабылдау барысында инфрақұрылым мәселелері, атап айтқанда, жолдарды жөндеу, жарықтандыру, ауызсу және кәріз жүйелерін реттеу тақырыптары кеңінен талқыланды. Кейбір тұрғындар аудан аумағындағы көшелердің жарықтандырылуы мен қоғамдық көлік қозғалысы жайында ұсыныстарын жеткізді. Бұл өтініштер бойынша жауапты мамандар нақты түсіндірме беріп, жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Сонымен қатар, тұрғын үй мен әлеуметтік қолдау тақырыбы да назардан тыс қалмады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналардың өтініштері тыңдалып, қажетті қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Мұндай қабылдаулардың басты артықшылығы – азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыруы. Әрбір өтініштің нақты шешімге ие болуы халық пен билік арасындағы байланыстың нығайғанын көрсетеді. «AMANAT» партиясы қоғамдық қабылдаулар арқылы тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастама партияның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудағы нақты қадамының бірі саналады. Тұрғындармен осындай форматтағы кездесулер билік өкілдеріне нақты жағдайды жергілікті деңгейде бағамдауға және шешім қабылдауда халықтың пікірін ескеруге жол ашады.


