ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ МӘЖІЛІСІНДЕ МӘСЕЛЕЛЕР АШЫҚ АЙТЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімінің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары, мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды. Осы мәжілісте өзекті мәселелерді айтып, шешу жолдарын ұсынған жөн. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсеіледі. Жобаларды уақтылы әрі сапалы атқару керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Күн тәртібінде бірнеше ірі жобаның жүзеге асыру барысы қаралды. Бүгінде Сайрам ауданында ет комбинаты мен бордақылау алаңы салынуда. Ал Түркістанда қаптама материалдарын өндіретін зауыт салынады. Сонымен бірге Түркістан қаласында сэндвич-панельдер, әртүрлі шам түрлері, поролон, қасбеттік материалдар және өндірістік полиэтилен қаптамаларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы, Арыс қаласындағы минералды су және басқа да алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту барысы да талқыланды. Төлеби ауданындағы кіші гидроэлектр станциялары туралы да мағлұмат берілді.
Шардарадағы жүгері зауыты, Мақтааралдағы мақта тұқымын өндіретін және тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын өндіретін зауыт салу инвестициялық жобасы және өзге де жобалар сарапталды.