РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкент қаласында мемлекеттік тілді дамыту мен этносаралық татулықты нығайту бағытындағы маңызды шара – «Мың жүйрік» республикалық ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл бастама – жас буынның бойына қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті ұялату, олардың тілдік және шығармашылық қабілеттерін арттыруды көздеген игі жоба.
Жобаның басты мақсаты – этнос өкілдерінің балалары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілін жетік меңгерген, шығармашылыққа бейім жастарды анықтау және қолдау. Бұл – елдегі тіл саясатын іске асырудың нақты көрінісі, сондай-ақ ұлт бірлігі мен мәдени көптүрлілікті құрметтеу қағидасының жарқын мысалы. Биылғы байқауға еліміздің жеті аймағынан жүзге жуық үміткер қатысып, өз шеберліктерін бейнеролик пен эссе форматында көрсетті. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөздік қорын, ойды көркем жеткізу қабілетін және тілге деген шынайы қызығушылығын айқын көрсетті. Қазылар алқасы жұмыстарды мазмұны, тілдік сауаттылығы және шығармашылық ерекшелігі тұрғысынан бағалап, үздіктерді анықтады. Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Иманалы Байдаулетов, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, сондай-ақ Ассамблея жастары қатысты. Іс-шара достық пен бірліктің рухын айқын сездірді. Иманалы Оспанұлы өз сөзінде бұл жобаның мәні мен мазмұнына ерекше тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру жөніндегі бастамасын қолдай отырып, тіл саясатының жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті. «Мың жүйрік» жобасы – бұл тек байқау емес, бұл – ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы нақты іс. Балалар мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, өз ойын ашық жеткізіп, түрлі әдеби шығармалардан үзінділер орындады. Қазақ тілінің беделі мен қолданылу аясын кеңейту – біздің ортақ міндетіміз. Ал бүгінгі жеңімпаздар – сол игі істің жарқын көрінісі», – деді ол.
Расында да, шара барысында жас қатысушылардың қазақ тілін терең меңгеріп, оны өз шығармашылығында еркін қолдана білуі көпшілікті тәнті етті. Әр бала өз еңбегін жүрекпен орындап, тілге деген құрметін ісімен көрсетті. Эссе мен бейнероликтерде Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы бейбіт өмір, достық пен өзара түсіністік тақырыптары жиі көрініс тапты. Бұл – жас ұрпақтың санасында мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлінің берік орныққанын білдіреді. Жиында сөз сөйлеген этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғам қайраткерлері де мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың абыройлы борышы екенін атап өтті. Олар мұндай байқаулардың жүйелі түрде өткізілуі ел бірлігін нығайтып, жастардың тілдік белсенділігін арттыратынын айтты. Марапаттау рәсімінің соңында жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Балалардың қуанышты жүздері мен шабытқа толы көңіл күйі залды ерекше әсерге бөледі. Бұл жеңіс олардың болашағына үлкен сенім ұялатып, әрі қарай қазақ тілін тереңдетіп оқуға деген ынтасын арттырды. «Мың жүйрік» жобасы – тек тіл байқауы ғана емес, ол – мәдени байланыстарды тереңдетудің, ұлттар арасындағы достықты бекемдеудің және мемлекеттік тілдің өміршеңдігін арттырудың тиімді құралы. Мұндай жобалар арқылы жас буын тек тіл үйреніп қана қоймай, рухани байып, азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады.



