ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қоғам мен билік арасындағы өзара сенім мен ашық диалог орнату – қазіргі мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарының бірі. Осы бағытта «AMANAT» партиясы ел ішінде жүйелі бақылау мен тиімді кері байланыс тетіктерін дамытуда айтарлықтай жұмыс жүргізіп келеді. Партияның басты міндеттерінің бірі – азаматтардың өтініштері мен шағымдарын дер кезінде қарастырып, олардың шешімін табуға ықпал ету. Осы мақсатта партия құрылымдары деңгейінде тұрақты бақылау және мониторингтік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттары нығая түсуде.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айғағы ретінде Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – мәселелерді нақты жергілікті жерде зерделеп, азаматтар көтерген проблемаларды көзбе-көз талқылауында. Көшпелі отырысқа аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Амангелді Бердаш және комиссия мүшелері қатысты. Күн тәртібінде негізгі тақырып ретінде e-Өтініш порталы арқылы келіп түскен шағымдар қаралды. Бұл жүйе бүгінде мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы тікелей және ашық байланыс алаңы болып отыр. Аталған шағым бойынша комиссия мүшелері тиісті мекеме басшыларымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай форматтағы кездесулер қоғамның өзекті мәселелерін нақты дерек пен факті негізінде талқылауға мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері әрбір өтінішке бейжай қарамау – партияның басты ұстанымы екенін атап өтті. Партиялық бақылау жүйесінің басты мақсаты – жергілікті билік пен мемлекеттік мекемелердің жұмысында ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытылы жауап беруді қадағалау. Данияр Омаров өз сөзінде азаматтардың өтініштерін қарауда формалды тәсілге жол бермеу қажеттігін ерекше айтты. Оның пікірінше, халықтың партияға сенімі – нақты нәтижемен өлшенеді. Сондықтан әрбір өтініштің артында жеке тағдыр мен әлеуметтік мәселе тұрғанын түсіну маңызды.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Амангелді Бердаш комиссияның алдағы жұмыс бағыттарымен таныстырып, бақылау механизмдерін жетілдіру, тұрғындармен кері байланысты күшейту және шағымдарды талдау тәжірибесін жақсарту жөнінде ұсыныстар берді. Сонымен қатар, ол көшпелі отырыстарды тұрақты өткізу арқылы партия халыққа жақындай түсетінін, ал азаматтар өз мәселелерінің назардан тыс қалмайтынына көз жеткізетінін айтты. Кездесуге қатысқан мекеме басшылары да өз тарапынан түсініктеме беріп, көтерілген мәселелердің шешімін табуға дайын екендіктерін жеткізді. Талқылау барысында қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап беру және олардың орындалуын бақылау тетіктері сөз болды. Партиялық бақылау комиссиясының жұмысы – «AMANAT» партиясының халық алдындағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды институттардың бірі. Мұндай бақылау жүйесі арқылы партия мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық қадағалау жүргізіп қана қоймай, қоғамдағы әділдік пен сенімділікті нығайтуға үлес қосуда.



