МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина саласы – адам өмірінің ең қасиетті салаларының бірі. Дәрігер мен мейірбике, лаборант пен санитар – бәрі де күн сайын елдің амандығы үшін тынымсыз еңбек етеді. Олардың әр күні күреске, ал әр сәті жауапкершілікке толы. Сол себепті бұл еңбектің бағалануы мен құрметтелуі қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайды. Осы тұрғыда «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы өз мүшелерінің еңбегін ұлықтауды басты борышы деп біледі.
Кәсіподақтар күніне орай Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығында өткен салтанатты жиын осы игі мақсаттың жарқын көрінісіне айналды. Мұнда денсаулық сақтау жүйесінің үздік мамандары марапатталып, олардың адалдығы мен кәсібилігі жоғары бағаланды. Іс-шараның басты ұйымдастырушысы – «SENIM» кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қобланбек Түлкібекұлы Оңалбеков әрбір медицина қызметкерінің қоғамдағы рөлі мен еңбектегі жауапкершілігін ерекше атап өтті. Ол медицина саласындағы кәсіподақ ұйымдарының мақсаты – тек құқық қорғау ғана емес, адам еңбегін дәріптеу және еңбек иелерінің мәртебесін көтеру екенін айтты. Жиын барысында салалық кәсіподақ ұйымының ұсынысымен ерекше еңбегімен көзге түскен мамандар түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында медицина мекемелерін дамытуға елеулі үлес қосқан бас дәрігерлер мен бөлім меңгерушілері, өз ісіне берілген мейіргерлер мен дәрігерлер бар. Кәсіподақтардың ең жоғары марапаты саналатын «Кәсіподақтардың төс белгісі» сала жетекшілеріне табыс етілді. Бұл марапат ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, еңбек қатынастарын жақсартуда ерекше белсенділік танытқан, ұжымның дамуына үлес қосқан азаматтарға берілді. Осындай жоғары бағаға ие болғандар қатарында №2 қалалық емхананың бас дәрігері Нұрбике Адембаева, №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиева, Қан орталығының бөлім меңгерушісі Дана Сайлаубек және гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетова бар.
Сонымен қатар, адалдық пен шеберліктің үлгісін көрсеткен медицина қызметкерлеріне Құрмет грамоталары табыс етілді. Бұл марапат күнделікті жұмыстағы жоғары кәсіби деңгейі мен ұжымдағы үлгілі тәртібі үшін берілді. Құрмет грамотасына ие болғандар арасында №2 қалалық аурухананың инфекциялық бақылау бөлімінің меңгерушісі Урилә Турманова, қалалық балалар клиникалық ауруханасының аға мейіргері Татьяна Маклакова, №7 қалалық емхананың терапевт дәрігері Ғалымжан Сайдалиев, қалалық перзентхананың сараптау бөлімінің басшысы Жаныл Елдашбаева және №12 қалалық емхананың аға мейіргері Наргиза Бекполатова бар. Алғыс хаттар арқылы ынтымақтастық пен жүйелі еңбектің үлгісін көрсеткен қызметкерлердің еңбегі де назардан тыс қалмады. Олар кәсіподақ ұйымымен тығыз байланыста болып, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын мамандар ретінде бағаланды. Олардың қатарында қалалық диагностика орталығының дәрігері Нұрбол Садыбеков, Ұлттық сараптама орталығының зертханашысы Сулушаш Кожаназарова, «Сымбат Нұр» мекемесінің кіші бикесі Алтынай Шаменова, «Дария-Медикус» орталығының медбикесі Лола Исраилова, №4 қалалық емхананың аға мейіргері Күндызай Турлыбаева және Ұлттық ғылыми орталықтың бас маманы Акадил Муталиев бар. Бұл марапаттар – тек алғыс белгісі ғана емес, денсаулық сақтау саласындағы еңбек адамының мәртебесін көтерудің нақты көрінісі. Әрбір марапат иесі өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі арқылы қоғамға үлгі болуда. Салтанатты жиынның атмосферасы ерекше рух пен бірлікке толы болды. Қатысушылар медицина саласындағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін жоғары бағалап, олардың әлеуметтік әділеттілік пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Қобланбек Оңалбеков өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби беделін арттыру екенін айтты.



