«АДАЛ АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛДІ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №97 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025 жылдың 13 қазан күні оқушылардың адамгершілік, құқықтық және рухани мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Бұл іс-шаралар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен тығыз байланыста ұйымдастырылды және жас ұрпақты әділдікке, ізгілікке, жауапкершілікке баулуды көздеді.
Бағдарлама аясында өткен тәрбие сағаттары «ДОСБОЛLIKE: Буллингтен қорған!», «Smart bala: Интернеттегі ізеттілік пен қауіпсіздік», «Абай мұрасы – рухани азық» және «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыптарын қамтыды. Бұл бағыттар оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, өз әрекетіне жауапты болуға және қоғамда мәдениетті қарым-қатынас орнатуға үйретуге бағытталған. «ДОСБОЛLIKE» жобасы арқылы мектеп ұжымы «Адал азамат» бағдарламасының «Қоғамдық әдеп және өзара сыйластық» бағытын іске асырды. Сабақ барысында оқушыларға буллингтің түрлері мен оның салдары туралы түсінік беріліп, сыныпта достық пен сенім атмосферасын қалыптастырудың маңызы талқыланды. Мұғалімдер мен педагог-психолог балаларға өзара құрмет пен қолдау көрсетудің адамдық қасиет екенін ұғындырды. Ал «Smart bala» жобасы интернеттегі қауіпсіздік пен мәдениеттілік мәселесіне арналды. Бұл бөлім «Адал азамат» бағдарламасындағы «Цифрлық мәдениет және жауапкершілік» бағытымен үндеседі. Оқушылар онлайн кеңістікте ізетті болу, жеке ақпаратты қорғау және кибербуллингтің алдын алу жолдарын талқылады. Сабақтарда нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, виртуалды әлемдегі іс-әрекеттердің де шынайы өмірдегідей салдары болатыны түсіндірілді. Келесі бөлім – қазақ халқының ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған тәрбие сағаты болды. Абайдың адамгершілік, әділдік, еңбекқорлық туралы өсиеттері «Адал азамат» бағдарламасының рухани-адамгершілік бағытымен тікелей байланысады. Оқушылар ақынның «Еңбек қылмай ер оңбас» және «Адам бол» қағидаларының бүгінгі күнде де өзектілігін талқылады. Сондай-ақ, «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбы оқушыларды лудоманиядан сақтандыруға және бос уақытты тиімді пайдалануға үйретті. Бұл бөлім «Адал еңбек пен салауатты өмір салты» бағытын жүзеге асыруға бағытталды. Мұғалімдер балаларға құмар ойындардың зиянын түсіндіріп, спортпен айналысу мен пайдалы хоббидің артықшылығын атап өтті.
Осылайша, өткізілген барлық сынып сағаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының кешенді мазмұнын нақты іске асырудың үлгісі болды. Мектеп ұжымы жасөспірімдердің бойына адалдық, ізгілік, өзіне және өзгеге жауапкершілік сезімін сіңіруге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. №97 мектепте өткізілген бұл іс-шаралар балалардың бойында тек білім емес, мінез тәрбиесін де қалыптастыруға мүмкіндік берді. «Адал азамат» бағдарламасы негізінде жүзеге асқан бұл жұмыс – саналы ұрпақ тәрбиелеудің, ел болашағына жауапты тұлға қалыптастырудың нақты қадамы.

