ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №97 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025 жылдың 10 қазан күні оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды кездесу өтті. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы бұл іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен өзектес болып, жас ұрпақты заңға құрметпен қарауға, адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануға шақыруды көздеді.
Кездесуге Еңбекші аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінен полиция майоры, жедел уәкіл И.Ә. Ерманов, сондай-ақ Кеңбаба Мырзақожа, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Н.Б.Сарсенбекова мен А.А.Акбарова, педагог-психолог Ж.Е. Архабаева, сынып жетекшілер мен 8–11 сыныптың оқушылары қатысты. Кездесу барысында полиция өкілдері жасөспірімдерге құқықтық тәртіпті сақтау, өз әрекеттеріне жауапты болу және қоғам алдындағы міндеттерін түсіну маңызын кеңінен түсіндірді. Оларға ұрлық, тонау және басқа да заңсыз әрекеттердің салдары туралы нақты мысалдар келтіріліп, бейнематериалдар арқылы құқық бұзушылықтың өмірге әкелетін өкінішті салдары көрсетілді. Бұл тәжірибелік мысалдар оқушылардың құқықтық сана-сезімін оятып, олардың мінез-құлқына оң әсер етті. Педагогтар мен психологтар жасөспірімдердің ішкі мәдениетін қалыптастыру, өз эмоциясын басқару, қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау туралы кеңес берді. Бұл бағыт «Адал азамат» бағдарламасының «Жеке жауапкершілік және мінез тәрбиесі» бағытымен тікелей байланысады. Бағдарлама жасөспірімдердің бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік пен ұлтжандылық қасиеттерін сіңіруге бағытталған. Сонымен қатар, кездесу кезінде оқушыларға мектептің ішкі ережелерін сақтау, өз міндетін орындау және оқу ортасында сыпайылық пен тәртіптілік танытудың маңыздылығы айтылды. Тәртіп пен заңдылықты сақтау – адал азамат болудың басты белгілерінің бірі екені ерекше атап өтілді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері жасөспірімдерді қоғамның белсенді мүшесі болуға, қиындықтардан заңды жолмен шығуға, қажет жағдайда сенімді ересектерден немесе құқық қорғау органдарынан көмек сұрауға шақырды. Ал педагогтар мен психологтар әрбір оқушының бойындағы жақсы қасиеттерді дамыту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алуға болатынын түсіндірді. Бұл іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Ол «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының басты идеясы – саналы, әділ, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру қағидасын нақты іспен жүзеге асырды. Мектеп ұжымы осындай кездесулер арқылы оқушылардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, адал жолды таңдауға бағыт беріп келеді. №97 мектептегі бұл кездесу жасөспірімдердің ой-санасына әсер етіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуге, адалдық пен тәртіптің өмірдегі маңызын ұғынуға мүмкіндік берді. «Адал азамат» бағдарламасының аясында жүзеге асқан бұл шара – болашақ ұрпақтың құқықтық мәдениеті жоғары, әділдік пен адалдықты өмірлік ұстаным еткен тұлға болып қалыптасуына жасалған маңызды қадам.


