КЕЛЕС АУДАНЫНДА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы соңғы жылдары елдің ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды. Өңірдің экономикалық құрылымы ауыл шаруашылығымен ғана шектелмей, біртіндеп индустриялық бағытқа бет бұруда. Бұл үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен барлық аудандар мен қалаларда өндірістік парктер құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сол бастамалардың бірі – Келес ауданында қолға алынған өндірістік парк жобасы.
Келес ауданының өндірістік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндігі жоғары. Бұл өңір Өзбекстанмен шекаралас аймақта орналасқандықтан, көрші елдермен сауда айналымын дамытуда ерекше маңызға ие. Сол себепті мұнда өндірістік парк салу – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Аталған жоба ауданды жаңа индустриялық аймаққа айналдырып, экономиканы әртараптандыруға, тұрғындардың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру үшін Келес ауданындағы Абай ауылынан 10 гектар жер учаскесі бөлінді. Бұл аумақ инфрақұрылым тартуға және өндірістік нысандар орналастыруға барынша ыңғайлы. Қазіргі уақытта нысанды орналастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымға қажетті дайындық жұмыстары басталып, электр және су жүйелерін жеткізу бағытында жобалық құжаттар дайындалуда. Өндірістік парктің тиімділігі – кәсіпкерлерге инфрақұрылымы дайын, өндіріс ашуға қолайлы орта ұсынуында. Мұнда жер телімдері ашық әрі әділ түрде аукцион арқылы бөлінуде. Бүгінгі таңда «Керуен» жеке кәсіпкерлігі 2 гектар жер учаскесін сатып алып, жер тегістеу жұмыстарын толық аяқтады. Бұл аймақта жалпы көлемі 20 гектар жер аукционға шығарылмақ. Оның 9 гектары 1 гектардан бөлініп, өндірістік ғимараттар салуға ниетті кәсіпкерлерге ұсынылады. Бұл тәсіл – шағын және орта бизнес субъектілеріне нақты мүмкіндік беріп, экономикалық белсенділікті арттырудың тиімді тетігі.
Қазірдің өзінде бірнеше кәсіпкер өз жобаларын іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Бір кәсіпкер өндірістік аймақ аумағында үш ғимарат салуды жоспарласа, тағы екі кәсіпкер екі ғимараттан тұрғызбақ. Бұл өндіріс орындары іске қосылғаннан кейін аудан халқы үшін тұрақты жұмыс көздері пайда болып, жергілікті экономикаға серпін береді. Келес ауданындағы өндірістік парк тек өндіріс ашуға арналған аймақ қана емес, сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау орталығына айналмақ. Мұнда болашақта бизнеске қызмет көрсету, кеңес беру, салықтық және заңдық бағытта қолдау көрсету инфрақұрылымы да дамытылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдаулардың арқасында инвесторлар мен кәсіпкерлер өз жобаларын қысқа мерзімде іске асырып, өнім өндіруге кірісе алады. Аудан әкімдігі жобаның жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстап отыр. Құрылыс жұмыстарын уақтылы орындау, инфрақұрылымды жеткізу және инженерлік желілерді орнату – басты назарда. Сонымен қатар, өндірістік паркте экологиялық талаптарға сай, энергия тиімділігі жоғары нысандар салу көзделген. Бұл – өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтай отырып, индустриялық әлеуетін арттырудың маңызды бөлігі. Келес ауданында өндірістік парк құрудың басты мақсаты – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын, орта бизнесті дамыту. Бұл мақсатты жүзеге асыру арқылы ауданның экономикалық құрылымы жаңарып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына негізделген Келес экономикасы енді өңдеу және өндіріс бағытында дамуға мүмкіндік алуда.
Өндірістік парктің инфрақұрылымына тоқталсақ, мұнда барлық қажетті жүйелер – электр қуаты, су, газ және жол желісі кезең-кезеңімен жеткізіледі. Мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар болашақ кәсіпкерлерге қосымша шығынсыз өндіріс ашуға жол ашады. Осылайша, өңірде жаңа экономикалық белсенділік орталығы қалыптасады. Келес ауданындағы бұл бастама Түркістан облысының индустриялық-инновациялық даму стратегиясының нақты көрінісі. Соңғы жылдары облыстағы бірқатар аудандарда осындай жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Түлкібас, Арыс және Сарыағаш аудандарында да өндірістік парктердің құрылысы басталған. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына ықпал етуде. Келес ауданындағы жоба да осы бағыттағы кешенді жұмыстың жалғасы болып табылады.


