«ХАЛҚЫН СҮЙГЕН, ХАЛҚЫ СҮЙЕТІН АҚЫН» ШАРАСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейінде бастауыш әдістеме бірлестігінің онкүндігі аясында ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Халқын сүйген, халқы сүйетін ақын» атты мәнерлеп оқу сайысы өтті. Бұл іс-шара жас буынды рухани биікке жетелейтін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаттарымен үйлесіп, оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа және ұлттық рухты құрметтеуге тәрбиелеуді көздеді.
Сайысқа 3-сыныптардан 16 оқушы қатысып, өздерінің өнері мен білімін сынады. Шара үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңде қара сөздерінен үзінділерді мәнерлеп жеткізді. Үшінші кезеңде оқушылар Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, ақын мұрасына деген танымдық деңгейін көрсетті. Сайысқа «Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының орынбасары Садық Гүлжан Байсерікқызы қазылық етті. Әділ қазылар алқасы әр баланың дауыс ырғағына, көркем сөйлеу мәнеріне және ақын шығармасын терең сезіне білу қабілетіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде Аймен Айзере бірінші орынға, Құрманбек Адина екінші орынға, ал Жұмабек Ақниет үшінші орынға ие болды. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл сайыс тек жарыс қана емес, рухани сабақ, ұлттық құндылықты дәріптеудің тиімді тәсілі болды. Абай Құнанбаевтың мұрасын насихаттау – жас ұрпақтың бойында адамгершілік пен әділдік, еңбекқорлық пен ізгілік қасиеттерін қалыптастырудың басты құралы. Ақынның «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жаттап тоқы көңілге» деген өлең жолдары іс-шараның мәнін айқындап тұрғандай. Мәнерлеп оқу сайысы барысында балалар Абай өлеңдерінің терең мағынасын сезіне отырып, оның «толық адам» концепциясын өз ойларымен ұштастырды. Абайдың адалдық, еңбексүйгіштік, имандылық туралы өсиеттері оқушыларды дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруға жетеледі. Бұл «Адал азамат» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жеке тұлғаның ішкі мәдениетін, рухани тазалығын тәрбиелеу мақсатына сай жүзеге асты. Шараны ұйымдастырған бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Матенова Венера Жаяновна атап өткендей, Абайды оқу – тек әдеби білім алу емес, ол адам болудың мектебі. Мұғалімнің айтуынша, ақынның шығармалары арқылы балалар адалдықты, жауапкершілікті және еңбектің қадірін түсінеді. Бұл қасиеттер ертеңгі күні елін сүйетін, халқының амандығы үшін қызмет ететін азамат қалыптастыруда аса маңызды.
Оқушылар сайыс барысында тек поэзияны жаттап қана қойған жоқ, сонымен бірге өз ойларын еркін жеткізіп, ақынның айтқан ойларын өмірмен байланыстыра білді. Бірі Абайдың «Еңбек қылмай ер оңбас» деген сөзін мысалға алып, еңбексіз жетістік болмайтынын айтса, енді бірі «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» деген тұжырымын еске салып, ұстаз еңбегінің қадірін түсіндірді. Мұндай іс-шаралар оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында рухани тұрақтылық пен ұлттық сананы қалыптастырады. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізілген бұл сайыс әр баланың бойында әділдікке ұмтылу, еңбекқор болу және өз елінің мәдени мұрасын құрметтеу сезімдерін нығайтты.



