«BEREKE PLASTIC» ЗАУЫТЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму жолында айтарлықтай қарқын алып келеді. Өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс саласын дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы нақты қадамдар – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының іс жүзінде орындалып жатқанын көрсетеді. Сол маңызды бастамалардың бірі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы басталды.
Жоба аясында 7 заманауи өндірістік кешен салу жоспарланып отыр. Алғашқы өндіріс желісі келер жылдың ақпан айында іске қосылмақ. Бұл бастама Түркістан облысының ғана емес, еліміздің де индустриялық даму бағытына тың серпін беретін маңызды қадам болып отыр. Жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсімі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өтті. Салтанатты шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, инвесторлар, кәсіпкерлер және еңбек ұжымдары қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, Түркістанның инвестициялық және өндірістік әлеуеті туралы айтты. Нақтырағы «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде зауыттар мен фабрикалардың құрылысы қарқын алып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Себебі әрбір жаңа жоба – жаңа мүмкіндік, жаңа табыс көзі. Біз қандай кәсіпорын ашылса да, оған дайын болуымыз керек. Елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Шын мәнінде, жұмысшы мамандығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Бүгін іргетасы қаланған зауыт іске қосылған соң, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл жоба отандық өнім көлемін арттыруға, импортты алмастыруға және кәсіби мамандардың беделін нығайтуға ықпал етпек» деді Нұралхан Көшеров. Әкімнің айтуынша, өңірде индустрияландыру процесі тек жаңа кәсіпорындар ашумен шектелмейді. Бұл – кадр даярлау, инновацияны дамыту және инвестициялық климатты жақсарту сияқты кешенді шараларды қамтитын жүйелі жұмыс.
Бүгінде Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, жұмысшы мамандықтарын дамыту ісіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Нұралхан Көшеров атап өткендей, биыл 8 мыңнан астам түлек ірі инвестициялық жобаларға тартылмақ. Қазіргі таңда облыста жүзеге асырылып жатқан жобаларға 2 290-ға жуық жұмысшы маман қажет. Сонымен бірге агроөнеркәсіп, энергетика, техника және құрылыс салаларында кадр тапшылығы сезіліп отыр. Осы бағыттар бойынша колледждерге жаңа лицензиялар беріліп, өңірге қажетті мамандарды даярлау жұмыстары басталды. «BEREKE PLASTIC» зауытының іске қосылуы еліміздің экологиялық және экономикалық даму стратегиясымен де үндеседі. Бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдар шығару – Қазақстанда сирек кездесетін өндіріс түрі. Бұл жоба импортты алмастыруға бағытталған және отандық нарықтың сұранысын қамтумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жылына 600–700 тонна пластик және қағаздан жасалған өнім өндіруді жоспарлап отыр. Зауытта бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдардың 18 түрі шығарылады. Өндіріс іске қосылған соң, 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл – өңір тұрғындары үшін жаңа табыс көзі, ал Түркістан экономикасы үшін нақты өсім факторы болмақ. Жаңа өндіріс орнының ашылуы экологиялық тұрғыдан да маңызды. Заманауи технологиялар негізінде жұмыс істейтін зауытта қайта өңделетін шикізат пайдаланылып, қалдықтар көлемі барынша азайтылады. Осы арқылы өндіріс экологиялық таза өнім өндіру талабына сай жүргізілмек.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағы бүгінде Түркістан облысының өндірістік хабына айналып келеді. Жалпы аумағы 365 гектарды құрайтын аймақтың инфрақұрылымы толық дайын: инженерлік желілер тартылған, жолдар мен көлік қатынасы қамтамасыз етілген. Мұнда өндіріс нысандарын салуға барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағына 72 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаражат есебінен төрт ірі жоба жүзеге асырылып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. «BEREKE PLASTIC» зауыты – сол жобалардың алғашқысы. Өңірдің индустриялық-инновациялық дамуының осындай қарқыны Түркістанды еліміздің ең әлеуетті экономикалық аймақтарының біріне айналдыруда. Соңғы жылдары облыс аумағында ондаған зауыт пен фабрика іске қосылып, өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай артты. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасады.



