ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАДА ЕКІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары мен жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін арттыру мәселелері тұрақты түрде бақылауда. Осы мақсатта облыс әкімдігінде өткен алқа мәжілісінде өңірдің 2025 жылғы 9 айындағы көрсеткіштері мен әкімдіктердің, басқармалардың жұмысы рейтингтік тұрғыдан сараланып, нәтижелері жария етілді. Мәжіліске облыс басшысы Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жиында экономикалық өсім, салалық даму және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейі талқыланды.
Жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы динамикасы оң екендігі атап өтілді. Облыс басшысының айтуынша, Түркістан облысы республика көлемінде экономикалық өсім бойынша алдыңғы қатарда. Дегенмен, кейбір аудан мен басқармаларда жоспардың толық орындалмауы өңірлік дамуға кедергі келтіріп отырғаны айтылды. «Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі тұрақты. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторлар 114,8 пайызды құрады, бұл республика бойынша екінші орын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика өсімін 7 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі нәтижелер осы бағыттағы еңбектің жемісі. Алайда барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына ортақ міндет – жоспарды орындау ғана емес, оны сапалы және уақтылы жүзеге асыру» деді Нұралхан Көшеров. Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіп, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларында оң нәтиже бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 855,4 млрд теңгені құрап, 101,5 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық сектордағы көшбасшылық орнын нығайта түсті. Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің төрттен бірін өндіреді. Өнеркәсіп секторы бойынша да айтарлықтай ілгерілеу байқалды. 9 айда өндірілген өнім көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, өсім 13,5 пайызға жетті. Бұл – өңірде жаңа зауыттардың ашылуы мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттылығын арттырудың нәтижесі. Құрылыс саласында да қарқын жоғары: 412 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, көрсеткіш 25,5 пайызға өскен. Сауда және байланыс қызметтері де тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Дегенмен облыс басшысы кейбір аудан, қала әкімдіктерінің және басқармалардың өздеріне жүктелген индикаторларды толық орындай алмауын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай жағдай өңірдің жалпы дамуына кері әсерін тигізеді. «Бізге «тапсырманы орындаймыз» деген уәде емес, нақты шешім жолдары қажет. Қай аудан, қай басқарма жоспардан қалып отыр – барлығының жұмысы ашық бағаланады. Жыл қорытындысында рейтинг нәтижесіне сәйкес тиісті шешімдер қабылданады. Тиімсіз жұмыс істеген басшылардың жауапкершілігі қаралады» деді облыс әкімі. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбеков мәжілісте облыс әкімдерінің және басқарма басшыларының жұмысына жасалған рейтингтік талдау нәтижесін баяндады. Бағалау жүйесі 9 блок пен 97 индикатордан тұрады. Оған экономикалық даму, әлеуметтік инфрақұрылым, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, бюджеттің орындалуы, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала көрсеткіштері енгізілген. Биыл қосымша 8 жаңа индикатор енгізіліп, 9 айға жоспарланған 87 көрсеткіштің орындалуы егжей-тегжейлі қаралған. Сараптамалық қорытынды бойынша Төлеби ауданы, Түркістан қаласы және Жетісай ауданы алғашқы үштіктен көрінді. Бұл өңірлер жоспарланған көрсеткіштерді жоғары деңгейде орындап, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтаған.
Төлеби ауданы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын тең дамыту арқылы алдыңғы орынға шықса, Түркістан қаласы инвестиция тарту мен құрылыс қарқыны бойынша үздік нәтиже көрсетті. Ал Жетісай ауданы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру және шағын кәсіпкерлікті қолдау саласында табысқа жеткен. Керісінше, Мақтаарал, Бәйдібек және Келес аудандары жоспарды орындау бойынша төмен нәтиже көрсетіп, аутсайдерлер қатарына енді. Облыс әкімі бұл аудандардың әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, көрсеткіштерді жыл соңына дейін жақсартуды міндеттеді. Сонымен қатар мәжілісте басқармалар қызметінің тиімділігі де қаралды. Ветеринария, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармалары оң нәтиже көрсеткен құрылымдар қатарында. Бұл басқармалар өз салалары бойынша индикаторларды уақытылы орындап, аймақтық даму көрсеткіштерін жақсартқан. Отырыста облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары әр саланың өзекті мәселелерін ортаға салып, оларды шешу жолдарын ұсынды.



