Сабақтың тартымды өтуі мұғалімге байланысты
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан, өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді құрметтеуге, елімізді,жерімізді сүюге, өнеріміз бен салт-дәстүрімізді үйренуіне жетелеймін.
4 «Б» сыныбында өткізген «Ән сабағында» атты ашық сабақ қазақ халқының ұлттық аспаптарын таныстырып, оның ішінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп халқымыз айтып өткендей, домбыра мен қосбасты домбыраны таныстырғанымда оқушыларға аспап өте қатты ұнады. Бірнеше аспапты сыныпқа әкеліп, оның шығу тарихы мен жасалу жолдарына шолу жасадым. Қазақтың аспаптары саз балшықтан, қамыстан, ағаштардан, мүйіз бен асықтардан жасалынатынын көрген өзге ұлттық балалары таңқалып, әр аспаптың атын жаттауға тырысты.
Жетіген, қобыз, домбыра, қосбасты домбыра, сырнай, даңғыра дауылпаз сияқты аспаптардың шығу тарихы мен жасалуы жолдары жайына және оны ел арасында қолданған күйшілері жайында да айтып өттім. Дина апамыз, Қорқыт және қазіргі өнер саласындағы домбыра аспабында ойнайтын әншілер мен күйшілер жайында таныстырдым. Сабақ соңында қосбасты домбырамен Абайдың әнін шырқап бердім.
3 «в» сынып оқушыларымен өткізген «Тіс дәрігерінде» атты ашық сабақта оқушыларды алдын-ала тіс дәрігеріне ертіп барып, ондағы барлық жағдайларды қазақ тілінде таныстырып, тіс емханасындағы науқастардың дәрігермен қазақ тілінде қалай сөйлесу керек екендігін үйретіп, осы тұста оларды суретке түсіріп, ашық сабақ барысында осы суреттерді слайд арқылы интерактивті тақтада көрсеттім. Оқушылар өздерін қазақ тілінде таныстырып жатты. Сабақты шынайы өмірмен байланыстыруымның себебі, біріншіден сабақ қызықты өтсе, екіншіден қазақ тілін сабақ барысында ғана қолданып қоймай, өмірде де қолдана алуына мүмкіндік жасау. Осы арқылы оқушылардың ой өрісінің дамуына, тілінің жаттығуына, сөздік қорының молаюына, қисынды ойлау қабілеттерінің дамуына ықпал ету. Набиева Ясмин мың бұралған биін көрсетті. Ата-аналар дән риза.
4 «б» сыныбымен өткізген ашық сабақ өте жоғары деңгейде өтті. Облыстық «Бастауыш мектепте тілдерді оқытудағы кездесетін проблемалар» атты семинарда «Уақыт өлшемдері» және «Табыс септік» тақырыбындағы ашық сабақты таңдадым. Сабақ өте қызықты өтті. Оқушылардың талпынысы жоғары, сабаққа деген ынтасы, білімге деген құштарлығы байқалып тұрды. Кез-келген сұраққа қазақ тілінде сайрап жауап беріп тұрған өзге ұлттың балаларын көргенде бүкіл комиссия мүшелері, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева өз ырзашылығын білдіріп жатты.
4 «Г» сыныбында өткен «Жануарлар әлемі» және «Өткен шақ» тақырыбындағы ашық сабағым да өте мағыналы және қызықты өтті. Жалпы, грамматикалық тақырыбы «Өткен шақ» болғандықтан, осы тақырыпқа кеңінен тоқталдым. Жануарлар жайында, олардың қазақша атауларын тереңінен меңгерту мақсатында көптеген соңғы әдіс-тәсілдерді қолдандым. Соның бірі ретінде ашық сабақ өтер алдында бірнеше оқушыларымызды қаламыздағы хайуанаттар бағына ертіп барып, аңдармен таныстырдым. Олардың ата-аналары да бірге шықты. Осы арқылы олар оқығандаын көзбен көріп, қазақша атауларын есін де сақтауға толық мүмкіндік алды.
Аңдардың қазақ тіліндегі атауларын оқушылар хайуанаттар бағында аң атауларын жаттауға тырысып жатты. Оларды әр аңның жанында суретке түсіріп, слайдпен интерактивті тақтада көрсеткенде оқушылар өз сыныптастарына аңдардың қазақша атауларын таныстырып, түсіндіріп жатты. Сабағымды қашанда өнермен байланыстыратын болғандықтан, 4 оқушы ұлттық киім киіп, қазақтың «Қара жорға» биін нақышына келтіріп билеп берді.
8-наурыз Халықаралық аналар мен қыз- келіншектер мерекесіне орай №3 балалар үйіне « Көктем шақырады» атты ән кешімді өткіздім. Ол кеште қазақтың қара домбырасымен тәрбиелік мәні бар термелер мен халық әндерін орындап, гитара аспабымен аналарымызға арналған әсем әндерді орындадым. Кештің соңында эстрадада өзге тілдерді (өзбек, түрік, орыс, т.б) көңілді әуендерді орындап, ақ дастарханымды жайып, балаларға көңілді бір кеш сыйладым. Балалардың көңілі көтеріліп, жүздерінде күлкі ойнап, бақытқа бөленді. Менімен бірге ән салып, билеп, дәмді тағамдардан дәм татып, сондай бір естен кетпес кеш болды. Кеш соңында №3 балалар үйінің әкімшілігі «Алғыс хат» беріп, жылы лебізін арнады.
№23 Зоя Космодемьянская атындағы мектеп лицейінде өткен «Үздік педагог- 2013» байқауында жүлделі орын алып, Шымкент қаласының «Үздік педагог -2013» байқауына жолдама алдым. Қалалық «Үздік педагог-2013» байқауында І орын алып, дипломмен марапатталдым.
Лаура ҚОҚАШЕВА,
З.Космодемьянская атындағы
№23 мектеп-лицейінің мұғалімі.