ДЕПУТАТ АЗАМАТТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТТІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Қайрат Имашев азаматтарды жеке қабылдады. Кезекті қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық және тұрмыстық мәселелерін тыңдап, олардың нақты шешімін табуға көмектесу. Ашық форматта өткен кездесу барысында тұрғындар күнделікті өмірімен тікелей байланысты бірқатар мәселелерін көтеріп, депутат тарапынан қолдау тапты.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жер қатынастары, әлеуметтік көмек және денсаулық сақтау саласына қатысты проблемаларды ортаға салды. Алғаш болып қабылдауға келген қала тұрғыны әлеуметтік төлемдер мен қажетті дәрі-дәрмекті алу мәселесін жеткізді. Ол Орынбаев атындағы ауруханада ем қабылдап жатқанын, алайда емге қажетті препараттарды сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Азаматтың жағдайымен мұқият танысқан Қайрат Имашев оған жеке қаражаты есебінен қажетті дәрі-дәрмекті алып беруге шешім қабылдады. Бұл – әлеуметтік жағынан осал топтарға партия тарапынан көрсетілетін нақты қолдаудың бір көрінісі болды. Келесі болып қабылдауға келген көп балалы әке жер учаскесін рәсімдеу мәселесі бойынша көмек сұрады. Құжат рәсімдеу барысында туындаған түсініксіз жайттарды тарқатып беру үшін депутат жер кадастры бөлімінің мамандарымен тікелей байланысқа шықты. Нәтижесінде азаматқа жер рәсімдеудің заңды тәртібі, қажетті құжаттар тізімі және ары қарайғы әрекет қадамдары толық түсіндірілді. Қабылдау барысында зейнеткер азамат та өз мәселесін жеткізді. Ол алаяқтық ісінің құрбаны болып, жер дауына қатысты құқықтық көмекке мұқтаж екенін айтты. Депутат оның өтінішін жеке қарап, жағдайды жан-жақты талқылап, толыққанды құқықтық кеңес берді. Сонымен қатар мәселені тереңірек тексеріп, заң тұрғысынан шешу үшін зейнеткерді партия жанындағы заңгерлер кеңес беретін «Құқықтық көмек» қабылдауына жазып қойды.
Қайрат Имашев қабылдау қорытындысында әрбір өтініштің партия бақылауында болатынын, заң аясындағы барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындарға нақты көмек көрсету – партияның басты міндеті. Сондықтан кез келген азаматтың өтініші назардан тыс қалмайды, тиісті органдармен бірлесіп шешім қабылданады. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары қала тұрғындары үшін маңызды диалог алаңына айналып отыр. Бұл қабылдаулар арқылы азаматтар мәселесін тікелей жауапты тұлғаларға жеткізе алады, ал партия өкілдері олардың өтініштерінің орындалуын жүйелі түрде бақылауға алады. Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан қоғамдық қабылдаулар әлеуметтік әділдікті нығайтып, тұрғындардың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуде.



