ТҰРҒЫН ЖЕТКІЗГЕН ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қаратау ауданы әкімінің жеке қоғамдық қабылдауы өтіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектері қаралды. Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі – Нұртас тұрғын алабының тұрғыны өз көшесіндегі жолдың жағдайына байланысты мәселе көтерді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайсыздық тудырып келген болатын.

Тұрғын жолдың сапасыздығы, жаңбырлы күндері батпаққа айналуы кедергі келтіретіндігін айтып, оны жөндеп беруді сұрады. Өз өтінішін нақты дәлелдермен жеткізген азаматтың мәселесі Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлының назарын аударды. Қабылдау барысында аудан әкімі шағымды егжей-тегжейлі тыңдап, бұл мәселенің оң шешімін табу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Сонымен бірге, тұрғынға жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жоспарға енгізілетінін және бақылауда болатынын жеткізді. Қоғамдық қабылдаудан кейін аудан әкімдігі тарапынан тұрғынның өтініші бойынша нақты қадамдар жасалды. Жолдың жағдайы зерделеніп, қажетті техникалық тексерулер жүргізілді. Қорытындысында Нұртас шағын ауданындағы аталған көшеге жөндеу жұмысын бастауға мүмкіндік туды. Қысқа уақыт ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше жаңартылды. Жұмыс аяқталып, тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін тапты. Жолдың жөнделуі Нұртас тұрғын алабы үшін үлкен өзгеріс әкелді. Тұрғындар енді сапалы жолмен еркін қатынай алады, балалардың мектепке баруы да әлдеқайда жеңілдеді. Жаңарған көше жалпы аудан инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасына оң әсерін тигізуде. Өз кезегінде азаматтар өтініштің дер кезінде қаралып, шешімін тапқаны үшін аудан әкімдігіне және «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне алғыстарын білдірді.

Бұл жағдай қоғамдық қабылдау алаңының тиімділігін тағы бір мәрте көрсетті. Тұрғындар өз мәселесін ашық айтып, билік өкілдерімен тікелей пікір алмасу арқылы нақты нәтижеге қол жеткізе алды. «AMANAT» партиясы ұйымдастыратын мұндай қабылдаулар азаматтардың өтініштерін жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік беріп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етуде. Қаратау ауданы әкімінің қабылдауында көтерілген мәселенің оң шешіммен аяқталуы – партияның халыққа ашық қызмет көрсетудегі жүйелі жұмысының бір көрінісі. Алдағы уақытта да қоғамдық қабылдаулар жалғасын тауып, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар күшейтіле бермек.