156-ОРАМНЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен Партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы аясында Тұран ауданына қарасты 156-орамның ұзақ жылдар бойы шешілмей келген мәселесі кеңінен талқыланды. Жиынға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов төрағалық етіп, мәселенің мән-жайын жан-жақты қарастыруға мүмкіндік жасады. Кеңейтілген отырысқа Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Бeрген Ержаппар, қалалық мәслихат депутаттары, Тұран аудандық прокуратурасы, «Қазтелерадио» АҚ өкілдері, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, аудан әкімдігінің өкілдері және 156-орамның тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындардың ұжымдық өтініші қаралды. Олар бірнеше жылдан бері жеке меншік жер учаскесіне тұрғын үй сала алмай отырғандарын, бұрын салған үйлерінің құжаттарын рәсімдей алмай тұрғандарын айтты. Негізгі кедергі – Сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан берілмей жатқан архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы. Басқарманың мәліметінше, бұл аумақ қаланың бас жоспары бойынша өнеркәсіптік аймақ ретінде белгіленген, сондықтан тұрғын үй салу заңды тұрғыда шектеулі. Тұрғындар мемлекеттік актілері бар екенін атап өтіп, заң шеңберінде үй сала ма, әлде тыйым салына ма деген белгісіздік жағдайында қалғандарын жеткізді. Комиссия отырысында мамандардың ескертуі бойынша, аумақта орналасқан «Қазтелерадио» АҚ телемұнарасынан бөлінетін радиациялық толқындар адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, телемұнарадан 300 метр радиуста тұрғын үй салуға рұқсат жоқ. Дегенмен, цифрлық технологияның дамуымен бұл арақашықтықты қысқарту мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін радиациялық сәуле деңгейін бір жыл ішінде 50 рет өлшеу қажет. Егер тексеру қорытындысы оң нәтиже көрсетсе, 300 метрлік шектеу қайта қаралуы ықтимал. Жиын барысында барлық тараптардың пікірі тыңдалып, мәселені заң талаптарына сәйкес жан-жақты тексеру туралы шешім қабылданды. Комиссия тексеру жұмыстарының сапалы әрі толық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін қажетті қаржының қарастырылатынын хабарлады. Алдағы уақытта ресми тексеру жұмыстары басталып, тұрғындардың құқықтық мәселелері нақты шешімін табуға мүмкіндік алады. Бұл шара — тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогтың, заңдылық пен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің айқын көрінісі.

«AMANAT» партиясы мен Партиялық бақылау комиссиясы тұрғындардың мүддесін қорғауды басты бағыт ретінде қарастырып, ұзақ жылдар бойы шешілмей келген түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.