ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласының 20262028 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылауға арналған Шымкент қаласы мәслихатының Инвестиция және қалалық жайлы ортаны дамыту, сондай-ақ Бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Маңызды жиынға комиссия төрағалары И.Н. Тулебаев пен А.Б. Елшиева басшылық жасады. Отырыс қала дамуына әсер ететін негізгі салалар бойынша алдағы үш жылға арналған қаржылық саясаттың бағыттарын айқындауға арналды.

Жұмыс кестесіне сәйкес, Тұрғын үй, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия, Дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармаларының 2026 жылға арналған бюджет жобалары мен даму жоспарлары қаралды. Әр басқарма өз саласы бойынша жоспарланған іс-шаралар, бюджеттік шығыстардың құрылымы және алдағы жылдарға қойылған басымдықтар туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады. Баяндамада әсіресе инфрақұрылымды дамыту мәселелері кеңінен қозғалды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы алдағы кезеңде жаңа жолдар салу, қолданыстағы көшелерді жөндеу, каналдарды механикалық тазалау, скверлер мен саябақтарды абаттандыру бойынша нақты жобаларды таныстырды. Бұл бастамалар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Тұрғын үй басқармасы болса, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту, жаңа тұрғын үй кешендерін салу және қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту мәселелерін көтерді. Басқарма өкілдері қала халқының өсімін ескере отырып, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Туризм және креативті индустрия басқармасы Шымкенттің туристік тартымдылығын арттыру, жаңа мәдени нысандар ашу, қаланың брендтік имиджін қалыптастыру және шығармашылық ұйымдарды қолдау бағытындағы жобаларын ұсынды. Шымкенттің әлеуеті жоғары аймақ ретіндегі мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту, қолданыстағы спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және жаңа спорт алаңдарын салу жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Бұл шаралар жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған. Отырыс барысында депутаттар бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуына ерекше назар аударды. Әрбір бағдарлама бойынша экономикалық қайтарымдылық, нәтижелілік және тиімділікті арттыру құралдары жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қала экономикасын әртараптандыру, инвестиция тартуды күшейту, жобаларды цифрландыру және басқару процестерін оңтайландыру жөнінде ұсыныстар берілді. Комиссия мүшелері бюджет жобасын қалыптастыру ашықтық, тиімділік және стратегиялық басымдықтарды ескеру қағидаттарына негізделуі тиіс екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар жинақталып, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін қала әкімдігіне жолданатын болды. Бұл талқылау Шымкенттің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындайтын маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.