АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛАТЫН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау жалғасуда. Қаланың экономикалық бағыты мен цифрлық даму серпінін айқындайтын маңызды мәселені қарау үшін кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және бюджет, экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Жиынға комиссия төрағалары А.І. Наимбекова және А.Б. Елшиева басшылық жасады.

Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, үш негізгі басқарманың – Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының, сондай-ақ Цифрландыру басқармасының 2026 жылға арналған бюджет жобалары мен даму жоспарлары қаралды. Бұл салалар қаланың экономикалық тұрақтылығын, инвестициялық мүмкіндіктерін және технологиялық жаңғыруын қамтамасыз ететін негізгі бағыттар қатарында. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы алдағы жылға жоспарланған бастамаларын таныстырып, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін кеңейту, индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту бойынша мақсаттарын таныстырды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, Шымкенттің кәсіпкерлік ортасы жылдан жылға кеңейіп келеді, ал бюджеттен бөлінетін қаражат осы өсімді одан әрі жеделдетуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы да өз саласындағы негізгі бағыттар туралы баяндама жасады. Басқарма қалаға қарасты аграрлық аймақтарда өнімділікті арттыру, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қолдау, заманауи суару технологияларын енгізу, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды ұсынды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басқарманың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Цифрландыру басқармасы қаланың цифрлық инфрақұрылымын жаңғырту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, смарт-қала элементтерін енгізу, интернет қолжетімділігін арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бағыттарындағы жоспарларымен бөлісті. Басқарма өкілдері цифрлық жүйелерді дамыту тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қалалық басқару тиімділігін де жоғары деңгейге көтеретінін жеткізді. Отырыс барысында депутаттар барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына баса назар аударды. Олар жобалардың экономикалық қайтарымдылығы, әлеуметтік әсері және ұзақ мерзімді ықпалы жөнінде сұрақтар қойып, жеке ұсыныстарын білдірді. Әсіресе қала экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру, ауыл шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Комиссия мүшелері ұсынылған жобаларды пысықтай отырып, олардың Шымкенттің алдағы үш жылдағы дамуына оң ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Талқылау қорытындысында ұсыныстар жинақталып, бюджет жобасын мәслихаттың тұрақты комиссияларының келесі бірлескен отырысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылданды.