«АДАЛ АЗАМАТ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектебінің педагог-психологтері А.Қырықбаева және Қ.Мамытов Шымкент қаласы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығының» 2025 жылғы 4 қарашадағы №228 хатына сәйкес, 11-сынып оқушыларына «Білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алу» бағыты шеңберінде «Агрессия мен нәсілдік алалаудың алдын алу стратегиялары» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг жасөспірімдердің эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастыруға, агрессивті мінез-құлықты басқару дағдыларын дамытуға және әлеуметтік ортада саналы түрде дұрыс шешім қабылдауға бағытталды.
Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың агрессия деңгейін төмендету, олардың өз мінез-құлқын реттей білу қабілеттерін арттыру, түрлі кері ықпалдарға қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру еді. Қазіргі ақпараттық және әлеуметтік ортада жасөспірімдерге қысым түсіретін факторлар көбейген сайын, эмоционалдық өзін-өзі басқару – тұлғалық дамудың маңызды компонентіне айналып отыр. Осы тұрғыда тренингтің мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен толық үндеседі. «Адал азамат» бағдарламасы жастарды рухани тұтастыққа, жауапкершілікке, өзіне және қоғамға адал болуға тәрбиелеуді көздейді. Тренинг барысында өткізілген түрлі жаттығулар: өз-өзіне сенімді болу, жағымсыз әрекетке «жоқ» деп айта білу, эмоцияны дұрыс бағыттау, қиын жағдайдан шығу жолын мәдениетті түрде табу – бағдарламаның «Адал мінез» және «Адал жүрек» бағыттарының нақты көрінісі болып табылады. Мұндай жаттығулар жасөспірімдерді қоршаған ортадағы теріс ықпалдардан қорғап қана қоймай, олардың ішкі жігерін, рухани төзімділігін шыңдауға көмектеседі. Тренинг барысында оқушылар агрессияны басқарудың түрлі стратегияларын меңгерді. Олар эмоцияны басудың немесе оны агрессияға айналдырудың орнына, оны дұрыс арнаға бағыттаудың жолдарын үйренді. Сонымен қатар, мамандар нәсілдік алалаудың, ксенофобияның, дискриминацияның қоғамда қандай қауіп тудыратынын түсіндіріп, толеранттылық принциптерінің маңыздылығын атап өтті. Бұл түсіндіру жұмыстары жасөспірімдерде ұлтқа, мәдениетке, дінге деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.
Оқушылар практикалық жаттығуларға белсенді қатысып, өз ойларымен, эмоцияларымен бөлісті. Жаттығулар олардың позитивті көңіл-күйін қалыптастырып, тренинг соңында кері байланыс барысында алған әсерлерін ашық жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл оқушылардың психологиялық тұрғыда жеңілдеп, өзара сенім атмосферасында жұмыс істегенін көрсетті. Жалпы, өткізілген тренинг жасөспірімдердің агрессивтілікке бейім мінез-құлықтың алдын алуға, олардың жеке жауапкершілігін арттыруға және өз-өзін қорғай білу қабілеттерін дамытуға ықпал етті. «Адал азамат» тұжырымдамасы дәл осындай ұтымды, тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар арқылы жүзеге асып, жастарды саналы, мәдениетті, рухани тұрақты тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді. Бұл тренинг оқушылардың адамгершілік құндылықтарын нығайтып, оларды қоғамда өз орнын дұрыс табуға бағыттайтын маңызды қадамдардың бірі болып табылады.



