КҮЗГІ БАЛ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ЕҢБЕКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С.Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында ұйымдастырылған «Күзгі бал – 2025» байқауы оқушылардың шығармашылық әлеуетін, еңбекқорлығын және мәдениетті тұлға ретінде қалыптасуын қолдаған мәнді іс-шара болды. Бұл байқау жасөспірімдердің өзіндік қабілеттерін ашып, ұжымдық бірлікті нығайтып, еңбек пен өнердің құндылығын дәріптеуге бағытталды.

«Адал азамат» бағдарламасы жас ұрпақты адалдыққа, еңбексүйгіштікке, мәдениеттілікке және жауапкершілікке тәрбиелеуді көздейді. Осы мақсатқа сай өткерілген «Күзгі бал» байқауы оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды еңбектің нәтижесін құрметтеуге және өз еңбегімен жетістікке жетуге үйрететін маңызды алаңға айналды. Байқауға 8-10 сынып оқушылары қатысып, бес кезең бойынша сынға түсті. Әрбір кезең оқушылардың жан-жақты қабілетін танып, олардың өнердегі, мәдениеттегі және қолөнердегі дарынын көрсетуге мүмкіндік берді. Таныстыру кезеңінде әр жұп өзін ерекшелендіріп, сахналық мәдениетті, сөз мәнері мен жүріс-тұрысты сақтап, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын көрсетті. Бұл оқушылардың өзін-өзі танытуына, сенімділікке тәрбиелеуге бағытталған маңызды тәжірибе болды. Күзгі вальс кезеңінде қатысушылар би мәдениетін паш етіп, жұптық үйлесімділік пен сахналық әсемдікті көрсетті. Бұл кезең “Адал азамат” бағдарламасының эстетикалық тәрбие бағытымен үндесіп, жасөспірімдерді өнер арқылы әдемілікті сезіне білуге, үйлесімді қарым-қатынас орнатуға баулыды. Сән үлгісі мен қолөнер кезеңдері оқушыларды шығармашылық еңбекке жетеледі. Өз қолымен жасаған бұйымдар, күзгі материалдарды пайдаланудағы шеберлік, табиғи сұлулықты өнермен үйлестіру – барлығы еңбекқорлықтың, ұқыптылықтың және шығармашылық ойлаудың көрінісі болды. «Еңбегі адал жас өрен» жобасының негізгі идеясы да жасөспірім еңбегінің құндылығын таныту, шығармашылық еңбекті бағалау болып табылады.

Күзгі поэзия кезеңінде оқушылар табиғаттың сұлулығын, еңбек пен адалдықты жырлаған өлеңдер оқып, көркем сөз өрнегі арқылы эстетикалық талғамын байқатты. Бұл оқушылардың тіл байлығын арттырып, әдебиет арқылы тұлғалық дамуына жол ашты. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде 9 “А” сыныбының жұбына бұйырды. Олар үздік дайындықтары мен жоғары деңгейдегі өнерлерінің арқасында “Күз ханзадасы” және “Күз ханшайымы” атағына лайық деп танылды. “Күзгі бал – 2025” байқауы оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың бойында адалдық, еңбекке құрмет, бірлік, шығармашылық ойлау және мәдениеттілік сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етті. Мұндай іс-шаралар “Адал азамат” бағдарламасының негізгі міндеттерін жүзеге асырып, жас ұрпақты мәдениетті, еңбексүйгіш әрі жауапты азамат етіп тәрбиелеуге үлкен үлес қосады.