АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ

2025 жылдың 13-14 қарашасында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №86 жалпы орта білім беретін мектебінде маңызды әрі мазмұнды жиын – жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының басты қағидаттарына сүйене отырып, оқушылардың тәртіп мәдениетін нығайту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-ананың жауапкершілігін арттыру және мектеп пен отбасының өзара байланысын күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Жиналысқа 1-ден 11-сыныпқа дейінгі ата-аналар қатысты.

Алдымен І тоқсан қорытындылары ұсынылып, оқушылардың үлгерімі мен тәртіп бағытындағы көрсеткіштер талданды. Әр сынып бойынша оқудағы жетістіктер, мұғалімдердің бақылауындағы тәртіп мәселелері мен оқушылардың белсенділігі туралы нақты мәліметтер берілді. Бұл ақпарат ата-аналардың баласының мектептегі жағдайын түсінуіне, алдағы тоқсандарға қажетті қолдау бағыттарын анықтауына мүмкіндік жасады. Жиналыстың негізгі бөлімінде “Адал азамат тәрбиелеудегі жауапты ата-ана, қолдаушы ұстаз және қауіпсіз мектеп” тақырыбындағы баяндама оқылды. Онда қазіргі қоғамның құндылықтары, бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі, ұстаздың қолдаушы және бағыт беруші міндеті кеңінен түсіндірілді. Бағдарламада көрсетілгендей, адалдық, жауапкершілік, тәртіп пен өзіне-өзі есеп беру мәдениеті ең алдымен отбасыдан басталып, мектепте бекітіледі. Сондықтан ата-ана, мұғалім және мектеп әкімшілігі бір мақсатқа жұмыла әрекет еткенде ғана оқушының бойында дұрыс мінез-құлық қалыптасатыны атап өтілді. Жиын барысында оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға арналған цифрлық мүмкіндіктер де талқыланды. Ата-аналарға «2GIS» жүйесіндегі «Достар» функциясын пайдалану реті түсіндіріліп, баланың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін «DosbolLKE» жүйесі туралы ақпарат берілді. Бұл құралдар мектеп пен ата-ана арасындағы бірлескен бақылауды күшейтіп, баланың мектепке келуі мен қайтуын қауіпсіз етуге бағытталған. Әр түрлі мәселелер бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Бала қауіпсіздігі – қоғам келешегі» тақырыбында балалардың әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану мәдениеті, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, кибербуллингтен қорғану тәсілдері айтылды. Сонымен бірге күз мезгілінде жиілейтін жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары, қаңғыбас жануарлардан сақтану ережелері түсіндірілді. “Заң мен тәртіп” айлығы аясында терроризм мен діни экстремизмнен сақтанудың тиімді жолдары, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары кеңінен баяндалды.

Жиналыс соңында мектеп пен ата-ана ынтымақтастығының бала тәрбиесіндегі орны ерекше екені тағы да аталды. Бірлескен әрекет, жүйелі байланыс және өзара қолдау арқылы ғана саналы, мәдениетті, жауапкершілігі жоғары, елжанды ұрпақ қалыптасатыны айтылып, “Адал азамат” бағдарламасының мәні нақты мысалдармен көрсетілді. Мектеп пен ата-ананың тығыз ынтымақтастығы – баланың жарқын болашағының сенімді негізі екені тағы бір мәрте дәлелденді.