ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ ТІКЕЛЕЙ ТЫҢДАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Тұран ауданында кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Мұндай қабылдаулардың негізгі мақсаты – елдімекендерде қордаланған мәселелерді жергілікті жерде анықтап, халықтың мұң-мұқтажын тікелей тыңдау және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік жасау.
Қоғамдық қабылдауға мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Қайрат Имашев, мәслихат депутаттары Абзал Зейнетаев пен Муфтулла Қонақбаев, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев, аудан әкімдігінің өкілдері, салалық басқарма мамандары, заңгерлер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Көпсалалы мамандардың бір алаңға шоғырлануы тұрғындардың түрлі салаға қатысты сұрақтарын бір уақытта көтеріп, тиімді шешім табуға мүмкіндік берді. Қабылдау барысында көтерілген ең өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көлік тапшылығы болды. Тұрғындардың айтуынша, халық саны қарқынды өсіп жатқан шағынаудандарда автобустардың жетіспеуі және қозғалыс кестесінің реттелмеуі айтарлықтай қиындық тудыруда. Бұл жағдай тұрғындардың жұмысына, оқуына, күнделікті қатынасына тікелей әсер етуде. Депутаттар бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, тиісті сала мамандарымен бірлесіп, шешу жолдарын қарастыруға уағдаласты. Сонымен қатар тұрғындар көшелерді жөндеу, жарықтандыру, жаңа көшелерге атау беру және тұрғын үйлерге ресми нөмір беру мәселелерін де көтерді. Сала өкілдері жол және жарықтандыру жұмыстарының белгілі бір жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылып жатқанын мәлімдеді. Ал көшелерге атау беру мен үйлерді нөмірлеу мәселесі бойынша арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
Көшпелі қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін арттыру мақсатында партия өкілдері мұндай кездесулердің алда да тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. Өйткені қаладан қашық орналасқан елдімекендердегі мәселелер әрдайым орталыққа жетіп үлгермей жатады. Сондықтан тұрғындарға жақын бару, оларды тыңдау және сол жерде шешім қабылдау – партия жұмысының басым бағыттарының бірі. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында 29 мобильді қабылдау өткізіліп, 500-ден астам мәселе оң шешімін тапқан. Бұл — жалпы тіркелген өтініштердің 60 пайызы. Бұл көрсеткіш көшпелі қабылдаулардың халық үшін маңызын және тиімділігін дәлелдеп отыр. Тұран ауданында өткен жиын да тұрғындардың көкейіндегі мәселелерді билікке тікелей жеткізудің тиімді алаңы болып, елдімекен дамуына үлес қосатын нақты ұсыныстарды жинақтауға мүмкіндік берді. Осындай қабылдаулар жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жақсартып, халық сенімін нығайта түсетінін көрсетіп отыр.


