ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДАҒЫ ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында көпбалалы ананың өтініші негізінде қоғамдық маңызы бар мәселенің шешім табуы – жергілікті билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыстың айқын көрінісі болды. Аудан тұрғыны Жанар Мырзабаева «AMANAT» партиясының Әл-Фараби аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, Әлімбетов көшесіндегі тозығы жеткен ойын алаңшасының жай-күйін жеткізген еді. Көп жылдан бері жөнделмеген бұл аумақ балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, тұрғындардың да алаңдаушылығын туғызған.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты мақсаты санайтын партия өкілдері мәселені назардан тыс қалдырмай, оны шешу бағытында нақты қадамдар жасады. Қоғамдық қабылдауға түскен өтінішке сәйкес, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек аудан әкімдігіне ресми хат жолдап, тұрғындар көтерген мәселенің өзектілігі мен шұғыл шешуді қажет ететінін атап өтті. Жергілікті әкімдік өтінішті қарастырып, алаңшаны жаңарту жұмыстарын дереу қолға алды. Нәтижесінде, Әлімбетов көшесіндегі ойын алаңшасы толықтай жаңартылып, балалардың қауіпсіз ойнауына және тұрғындардың жайлы ортада демалуына жағдай жасалды. Жаңа жабдықтар орнатылып, аумақ абаттандырылды. Бұл жаңарту тек материалдық жағдайды жақсартумен шектелмей, тұрғындар арасында сенім мен ризашылық сезімін де арттырды. «Айтылды – орындалды» қағидатының нақты орындалуы – билік пен қоғам арасындағы байланыс нығая түскенінің дәлелі. Тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беріліп, олардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселенің қысқа мерзімде шешілуі партияның халық мүддесін басты орынға қоятынын көрсетті. Бұл – халық сенімін нығайтып, қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.
Осындай бастамалар арқылы қаладағы әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасы да арта түседі. Әрбір өтінішке жауап беру, әрбір мәселенің мәніне үңіліп, оны шешуге күш салу – партия жұмысының өзегі. Әлімбетов көшесіндегі ойын алаңшасының қайта жаңаруы – соның бір мысалы. Айта кетейік, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.


