ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫН БАҒАЛАДЫ

Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымын жаңарту және сапалы оқу ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айқын бір көрінісі — «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңғыртудан өткен А. Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауды бастауы. Қала орталығындағы бұл білім ордасы ұзақ жылдар бойы талапқа сай келмей, кеңейту мен жаңғыртуды қажет еткен болатын. 2025 жылдың сәуір айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай мерзімінде аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп толық дайын күйінде тапсырылды.

Жаңа ғимараттың сапасы мен оның оқу процесіне дайындығын тексеру мақсатында қалалық және аудандық Партиялық бақылау комиссиялары нысанда көшпелі мониторинг жүргізді. Комиссия құрамына білім саласы бойынша жауапты тұлғалар, партиялық бақылау инспекторлары және аудандық филиал өкілдері енді. Олар мектептің инфрақұрылымын, кабинет жабдықталуын, қауіпсіздік талаптарының орындалуын және құрылыс сапасын жан-жақты саралады. Мониторинг нәтижесінде нысан барлық талаптарға сай келетіндігі расталды. Ең алдымен комиссия ғимараттың жоспарланған мерзімде және сапалы түрде аяқталғанын атап өтті. Құрылыс барысында қолданылған материалдар, инженерлік инфрақұрылым, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары бекітілген стандарттарға толық сай. Жаңартылған мектеп-гимназия заманауи оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Оқу кабинеттері жаңа үлгідегі интерактивті тақталармен, компьютерлермен және оқыту құралдарымен толық жабдықталған. Әр сыныпта жарық, кең әрі эргономикалық орта жасалған. Пәндік кабинеттер – химия, физика, биология зертханалары – жаңартылып, қауіпсіздік стандарттары жаңаша деңгейде қамтылды. Асхана толықтай қайта жабдықталып, санитарлық талаптарға сай жаңа құрал-жабдықтар орнатылған. Спорт залының да мүмкіндіктері кеңейтіліп, оқушылардың дене шынықтырумен сапалы айналысуына жағдай жасалған. Кітапхана қоры жаңартылып, оқушыларға жайлы оқу кеңістігі жасалған. Бұл өз кезегінде мектептің білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мектеп директоры жаңа ғимараттың қажеттіліктен туындағанын ерекше атап өтті. Қала орталығында орналасқан №50 мектеп-гимназиясы жыл сайын оқушы санының артуына байланысты бұрынғы ғимаратта ыңғайсыздықтар тудыратын. Ұзақ жылдар бойы тар сыныптар мен жеткіліксіз инфрақұрылым оқу процесіне кедергі келтіріп келген еді. Жаңғыртылған ғимарат бұл мәселені түбегейлі шешіп, кең әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастырды. Партиялық бақылау комиссиясы жөндеу жұмыстарының әр кезеңіне тұрақты бақылау жүргізгенін атап өтті. Құрылыс барысында анықталған кемшіліктер дер кезінде түзетіліп, мердігер мекеме тарапынан барлық талаптар толық орындалған. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің нақты іс жүзінде орындалып жатқанын көрсетеді. Жаңа мектептің ашылуы Шымкент қаласының білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосады. Қазіргі заман талабына сай салынған білім ошағы мыңдаған оқушыға сапалы білім алып, тұлғалық дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар педагогтер үшін де қолайлы жұмыс ортасы қалыптастырылып, заманауи әдістерді қолдануға кең мүмкіндік ашылды.