ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ НЫСАНЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Кеше Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жылумен қамтамасыз ететін мекемелерде өрт қауіпсіздігі бақылауда екенін атап өтті. Түркістандағы «Жылу» коммуналдық қазыналық кәсіпорнында өрт қауіпсіздігімен қатар техногенді сипаттағы апаттарды алдын алу, атап айтқанда жылу берудің тоқтауы, магистралды жүйелердің істен шығуы сынды проблемаларды алдын алу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен де кәсіпорында шешімін күтіп отырған бірқатар мәселелер бар. Бұл туралы сәл кейінірек. Ал қазір барлығы 98 қазандықтан тұратын 16 блокқа бөлінген «Жылу» мекемесінің бірқатар бөлімшелері туралы айта кетейік.
Түркістан жылу беру маусымына жүйелі дайындықпен кірісті
Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылу беру маусымына жүйелі дайындықпен кірісті. 2021-2022 жылдар бойынша жылу беру маусымы аяқталған соң маусым-шілде айларында бөлісу шекарасына дейінгі инженерлік жүйелердегі ақаулықтардың бәрі реттелген. Жылу беру маусымына дайындық кезеңінде құбырларды сығымдау жұмыстары жүргізілген.
Қалада жылу беру маусымы 1-қарашада басталған. Қазіргі таңда кәсіпорынға қарасты қазандықтардың бәрі абоненттерге үздіксіз жылу жеткізуде.
Аталған мекемеде орталық қазандықтан бөлек тағы 15 қазандық бөлімшесі жұмыс істейді. Яғни 16 блоктан тұрады. Ол жерде барлығы 98 қазандық бар. Әр бөлімшенің штат бірліктері мен тиісті құрал-жабдықтары қамтылған. Қазандықтардың барлығы табиғи отын түрін пайдаланады. Алты нысанда (6 блокта) баламалы отын түрі қамтамасыз етілген.
«Жылу» мекемесі қала бойынша көпқабатты үйдегі барлығы 7116 пәтерге жылу жеткізеді. Одан өзге 209 коммерциялық және бюджеттік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Табиғи газға көшкеннен бері тұрғындардан шағым түспеген
Биыл Түркістан қаласында жылу беру маусымы 1 қарашада басталып, 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін жалғасады. Яғни 151 күнді қамтиды. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі 7 мыңнан астам пәтер мен 200-ден аса коммерциялық нысан мен бюджеттік мекемелер жылуды «Жылу» МКК мекемесінен алатынын жоғарыда айтып өттік. Кәсіпорын 2019 жылдан бастап табиғи газға көшкен. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін жылудың сапасына қатысты тұрғындардан шағым түспеген.
Кәсіпорын басшысы Ерғазы Рысбеков тұтынылған жылу үшін бірде бір заңды тұлға мен бюджеттік мекемелердің берешегі жоқ екенін алға тартады. Ал жеке тұлғалар бойынша абоненттердің қарызы бар.
Заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелердің төлемін кәсіпорындағы абоненттік бөлім жүргізсе, биылдан жеке тұлғалардың төлем жасауын жүргізуді «БТО Түркістан» ЖШС атқарады. Аталған мекемеге бұл міндет осы жылдың тамыз айында тапсырылған. Аталған серіктестік осы бағытта Қарағанды, Теміртау қалаларында тәжірибеден өткен.
Апат болса санаулы секундта дизельді отынмен жылу беріледі
Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты қазандықтың бірі Түркістан қаласындағы Мәдени-рухани орталықтағы нысандарды жылумен қамтиды. Бөлімшедегі қазандықтар барлығы 18 нысанға сапалы жылу жеткізе алуға қауқарлы. Қазіргі таңда 11 нысанға жылу жеткізеді. Олардың қатарында Қ. А. Ясауи кесенесі, кесене айналасындағы қонақүйлер, кітапхана, неке сарайы,Vizit орталығы және т.б бар.
«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерғазы Рысбековтың сөзінше қаладағы Мәдени-рухани орталық аумағындағы нысандарды жылумен қамтитын қазандық бөлімшесі 2020 жылы пайдалануға берілген. Бөлімше толық табиғи газбен жұмыс істейді. Құрылғыларының бәрі жаңа. Автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс жасайды. Бөлімшеде барлығы бес қазандық бар. Қазіргі таңда екеуі табиғи газбен жұмыс істейді. Екеуі әлі пайдаланылмаған. Егер қандай бір себептермен табиғи газ келмей қалып, апатты жағдай орын алса, баламалы отын түрі ретінде дизельді отын қолданылады. Отынның бұл түрі бөлімшедегі бесінші қазандыққа қосылып, дайын тұр. Табиғи газбен жылыту бойынша қандай да бір апат болса дизельді отынмен жылу беру санаулы секундта қосылады.
Ал кәсіпорынның 7 бөлімшесінде жеті қазандық бар. Аталған бөлімшедегі қазандықтар арқылы қаладағы Әкімшілік-іскерлік орталығындағы үйлер жылытылады. Бөлімшедегі қондырғылардың бәрі отандық өнімдер.
Жылыту маусымы кезінде бөлімшедегі қазандықтардың төртеуі жұмыс істейді. Қалған үшеуі резервте тұрады. Қазандықтар табиғи газбен жылу жеткізеді. Егер қандай да бір апатты жағдайларға байланысты табиғи газдың берілуі тоқтатылса, баламалы отын түрі ретінде дизель қолданылады.
Алты бөлімшеде ғана баламалы отын түрі бар
Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында Орталық қазандықпен қоса барлығы 16 қазандық бар. Оның ішінде №2 қазандық бөлімшесі «Отырар» мөлтекауданында орналасқан. Аталған бөлімшеде бес қазандық бар. Бөлімше «Отырар» мөлтекауданындағы әлеуметтік 36 тұрғын үй, жеке инвесторлармен салынған 14 үйді жылумен қамтамасыз етеді. Одан өзге Назарбаев зияткерлік мектебі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазпошта, кірістер басқармасы және т.б нысандарды жылумен қамтиды. Қазандықтар табиғи газбен жылытылады. Егер табиғи газ болмаған жағдайда баламалы отын түрі ретінде сығымдалған газ қолданылады.
Ал Орталық қазандық 45 мегаваттық қуатқа ие. Орталық қазандық Түркістан қаласындағы І және ІІ мөлтекаудандағы 75 көпқабатты үйді, 28 бюджеттік мекемені, 52 жер телімдік үй мен 53 кәсіпкерлік мақсаттағы нысанға жылу береді. Орталық қазандықтың өзге бөлімшелерден ерекшелігі 75-80 жылдары салынған үйлерді жылумен қамтамасыз ететіні. Бұл Орталық қазандық 2019 жылдан бері табиғи газға көшкен. Орталық қазандықта барлығы бес қазандық бар. Қыс маусымында оның үшеуі жұмыс істейді. Қалған екеуі қосалқы қазандық ретінде қарастырылған.
Төтенше жағдайды алдын алуда атқарар мәселелер бар
«Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерғазы Рысбеков Ontustik телеарнасына берген сұхбаты кезінде жоғарыдағы мәліметтерді келтірді. Сонымен қатар ол келесідей мәселелерге билік назар аудару керектігін жеткізді.
Жалпы Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарайтын барлығы 16 қазандық (бөлімше) бар болса, бүгінде соның 12 бөлімшесі жұмыс жасауда. Олардың барлығы негізгі отын түрі табиғи газбен жылу жеткізеді. Бес қазандықта баламалы отын түрі ретінде дизельді отын, тағы біреуінде сығымдалған газ қолданылады. Қалған қазандықтарда баламалы отын түрі қарастырылмаған. Осы бағытта тиісті мекемелерден қаржы сұралуда. Бұл мәселені шешу арқылы алдағы күндері табиғи газдың берілуі белгілі бір себептермен уақытша тоқтатылса, тұрғындардың жылусыз қалып, техногенді сипаттағы апатпен бетпе бет келу қаупін болдырмайды.
Одан өзге террористік сипаттағы жағдайларды алдын алу үшін қазандықтардың барлығын бейнебақылау камерасымен қамтып, қауіпсіздікті күшейтуде күн тәртібіндегі мәселе ретінде қаралуы тиіс.