№99 МЕКТЕПТЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНА ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Шымкент қаласында білім беру саласын жаңғырту мен оқу нысандарын заманауи талаптарға сай ету бағытында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның аясында Қарабастау шағын ауданындағы №99 жалпы орта мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, білім ошағы жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдаған болатын. Жөндеуден өткен мектептің сапасы мен мердігер мекемелердің жұмысын тексеру мақсатында партияның Партиялық бақылау комиссиясы нысанда көшпелі мониторинг ұйымдастырды.
Мониторингтік топ құрамында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, комиссия инспекторы Айжарқын Әбілдаева және комиссия мүшелері болды. Олар мектеп ғимаратын аралап, жөндеу жұмыстарының сапасын, инфрақұрылымның толық іске қосылуын және мердігердің келісімшарттағы міндеттемелерді орындау деңгейін мұқият тексерді. №99 мектеп 2004 жылы салынған. Уақыт өте келе ғимарат ескіріп, күрделі жөндеуді қажет еткен. 2025 жылдың ақпан айында басталған жөндеу жұмыстары жоспарға сай қыркүйек айында аяқталып, мектеп жаңа оқу маусымына дәйекті түрде дайындалды. 890 оқушыға шақталған білім беру мекемесі енді жаңартылған жағдайда жұмысын бастап отыр. Алайда мониторинг барысында мектеп басшылығы комиссия өкілдеріне бірқатар мәселелерді жеткізді. Ең өзекті мәселе су жүйесіне қатысты. Жоспар бойынша мектептің қолданыстағы су құбыры көшеге шығарылуы тиіс болатын. Бірақ құрылысшылар су есептегіш құрылғысын мектеп ауласының ішіне орналастырып жіберген. Бұл техникалық қателік су қысымының төмендеуіне әкеліп, жоғарғы қабаттарға су көтерілмей қалуына себеп болып отыр. Мәселе оқу процесіне де, мектептің күнделікті жұмысына да кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар сыртқы спорт алаңының қоршауындағы сетканың жаңартылмай қалғаны да анықталды. Бұл қауіпсіздік талаптарына сай келмейді және оқушылардың дене шынықтыру сабақтары кезінде қолайсыздық тудыруы мүмкін. Мектеп әкімшілігі аталған мәселелер бойынша Білім басқармасына ресми хат жолдап, түзету жұмыстарын жеделдетуді сұраған.
Партиялық бақылау комиссиясы анықталған кемшіліктерді назарға алып, жағдайды толық бақылауға алатынын мәлімдеді. Комиссия мүшелері мердігер мекеме тарапынан кеткен қателіктердің уақытылы түзетілуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі көтерген мәселелер бойынша тиісті органдармен бірлесе отырып, олардың толық шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді. «AMANAT» партиясы үшін әлеуметтік нысандардың сапалы әрі қауіпсіз пайдалануға берілуі — басым бағыттардың бірі. Сондықтан білім беру мекемелеріне қатысты мониторингтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, әрбір мәселенің дер кезінде шешілуі қадағаланады. Бұл — партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттердің нақты орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс.


