БАЛЫҚ АУЛАҒАНДА БАРМАҚ ТІСТЕМЕС ҮШІН…
Су айдындарына болатын оқыс оқиға, төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері арнайы рейдтік жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда балық аулау құралдарын сату орындарында дүкен иелері мен балық аулау құралдарын сатып алушыларға балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Және қауіпсіздік ережелері туралы нұсқама ретінде үгіт-насихат материалдарын таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәл осы кезде балықшылар балық аулауға жиі барады. Балық аулау үшін қармақ пен оған керек құралдарды сайлап қою жеткіліксіз. Егер қауіпсіздік ережелері сақталмаса балық аулап, тынығып қайту туралы жоспарыңыз қауіпті жағдайға ұласады. Суда демалудың құрбаны болмас үшін төтеншеліктер айтқан төмендегі ескертулерді қаперден шығармау керек.
– шағын кемелерде балық аулау кезінде қайыққа отырғызу алдында оны мұқият қарап, оның қауіпсіздігіне, құтқару шеңберінің және су құюға арналған ыдыстың болуына көз жеткізу қажет;
– қ айықта жүрген адамдар міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюі тиіс;
– қайыққа отырған кезде абай болу керек. Қайықтың бортына отыруға, бір орыннан екінші орынға орын ауыстыруға, қайықтан сүңгуге тыйым салынады;
– балық аулауға бармас бұрын ауа-райын алдын-ала білу қажет. Қазір ақпараттық технология дамыған уақыт. Сондықтан күннің қалай құбылатыны туралы ақпаратты біліп алу оңай әрі ол сақтық шараларының ең маңызды бөлігі болып табылады;
– балық аулауға кеткеніңіз туралы әрқашан жақын туыстарыңызға ескертіңіз. Және шамамен қайту уақытын айтыңыз;
– балық аулауды күн ұясына батқанға дейін жасауға тырысыңыз;
– өзіңізбен бірге міндетті түрде медициналық дәрі қобдишасын ала жүріңіз;
– қалтаңызда жергілікті жердің картасы болуы тиістігін қаперге алыңыз;
– үрлемелі қайыққа жүк ретінде жақын жерден ала салатын тастар, темірлер, кірпіш салмаңыз, өйткені қайықтың резеңкеленген матасын өткір жиектерімен кесіп алу қаупі бар;
– үрлемелі қайықта көптеген шөгінділер бар жерлерде жүзбеуіңіз керек, бұл «тұзақтар» қайықтың бүлінуінен бастап өмірге қауіп төндіруге дейін көптеген қиындықтар тудыруы мүмкін. Айтқан жерден аулақ егер қайық төңкерілсе, үрейленбеңіз, оны ұстап алуға тырысыңыз және жағаға қарай жүзіңіз;
Маңызды ақпарат!
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері мас күйінде балық аулауға немесе аң аулауға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.
Балық аулау кезінде қандай да бір төтенше жағдайға тап болсаңыз, «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.