ШОҚАН МҰРАСЫ – ЖАС ҰРПАҚТЫҢ РУХАНИ ДАМУЫНА БАҒЫТ БЕРЕТІН ҚАЗЫНА

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №78 жалпы орта білім беретін мектебінде Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай 3 «Ә» сынып оқушыларымен «Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» атты тәрбие сағаты өткізілді. Бұл шара ұлт тарихындағы аса көрнекті тұлғаның өмірі мен еңбектерін жас буынға таныстыруға, оларды отансүйгіштікке және білімге құштарлыққа баулуға бағытталды.
Сабақтың мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы ұлттық тұлғаларды танып-білу, рухани мұраға құрметпен қарау, ел тарихына деген қызығушылықты ояту секілді қағидалармен толық үндеседі. Бағдарламада көрсетілгендей, жас ұрпақтың бойында азаматтық сана қалыптастыру үшін олар өз елінің ғылым мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың өнегесін білуі қажет. Сынып сағатында оқушылар Шоқан Уәлихановтың балалық шағы, білім алған ортасы, оның ғылымға деген ерекше қызығушылығы туралы мәлімет алды. Ұлы ғалымның тарихшы, этнограф, географ және саяхатшы ретіндегі қызметі, Қашғар сапары, қазақ және Орта Азия халықтарының мәдениеті туралы жазған еңбектері туралы әңгімелер оқушылардың тарихи танымын кеңейте түсті. Шара барысында оқушылар Шоқан еңбектерінің қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесі туралы ой қозғады. Оның әділдікке, білімге, ғылымға адалдығы және табиғат пен адам өмірін ғылыми тұрғыдан зерттеуге деген құштарлығы – «Адал азамат» бағдарламасында дәріптелетін қасиеттердің жарқын үлгісі. Бала жастағы оқушылар үшін Шоқан образы – туған елін сүйетін, ізденімпаз, еңбекқор тұлғаның мінсіз бейнесі ретінде ұсынылды. Мұғалімдер шәкірттерге ғалымның адамгершілік қасиеттерін, өз халқына деген шынайы жанашырлығын айта отырып, оларды ел тарихын құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға шақырды. Оқушылар Шоқанның өмір жолын тыңдай отырып, өздеріне көптеген мотивациялық ой түйді: білімге ұмтылу, табандылық көрсету, зерттеуге қызығушылық таныту – болашақта үлкен жетістіктерге бастайтын негізгі қадамдар екенін түсінді.
«Шоқан мұрасы – дәуір шежіресі» атты сынып сағаты 3-сынып оқушыларының тарихи дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың тұлғалық құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етті. Осындай шаралар «Адал азамат» бағдарламасының басты миссиясы – елін сүйетін, рухани бай, білімге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне зор үлес қосады.



