КҮЗ БОЯУЛАРЫ КӨРМЕСІ — ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕНІҢ ҮНДЕСТІГІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты С. Бекбосынов атындағы №70 жалпы орта білім беретін мектебінде 2025-2026 оқу жылына арналған тәрбие жұмысы жоспары аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы және «Еңбегі адал жас өрен» жобасы бойынша «Күз бояулары» атты көркем сурет көрмесі өтті. Бұл шараның басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, еңбексүйгіштік пен әсемдікке құштарлық қасиеттерін арттыру, сондай-ақ күзгі демалыс уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасау болды.
Көрмеге 1–5 сынып оқушылары қатысты. Әр бала өз қиялындағы күз бейнесін қағаз бетіне түсіріп, табиғаттың сұлулығын, жыл мезгілдерінің ерекшелігін өз көзқарасымен бейнеледі. Көрмеде түрлі техникада салынған суреттер қойылды — акварельмен боялған жұмсақ түстерден бастап, гуашь пен түрлі түсті қарындаштармен салынған қанық туындыларға дейін. Әр туындыда балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен еңбекке құрметі көрініс тапты. Іс-шара барысында оқушылардың еңбектері мектеп фойесінде безендіріліп, кішігірім көрме ұйымдастырылды. Мұғалімдер мен ата-аналар жас суретшілердің еңбегін жоғары бағалап, олардың табиғатты нәзік сезіну қабілетіне ризашылық білдірді. Балалар өз жұмыстарын таныстырып, неліктен дәл осындай тақырыпты таңдағанын айтып берді. Көпшілігі күздің түс қанықтығын, жеміс пен молшылық айы екенін атап өтіп, өз суреттерін адал еңбек пен табиғат сұлулығына арнағандарын жеткізді. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бұл көрменің тәрбиелік маңызына тоқталып, іс-шараның «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын айтты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында адалдық, еңбекқорлық, ізденімпаздық және шығармашылық қасиеттерді қалыптастыру. Ал «Еңбегі адал жас өрен» жобасы – осы идеялардың нақты жүзеге асырылуының бір көрінісі. Мұндай көрмелер балалардың еңбек етуге деген ынтасын оятып, олардың еңбектің нәтижесін көруге деген қызығушылығын арттырады. Әрбір салынған сурет баланың ойлау қабілеті мен қиялының кеңдігін көрсетеді. Оқушылар үшін бұл тек сурет салу ғана емес, өз еңбегін бағалай білуге, нәтижеге жету үшін табандылық танытуға үйрететін тәрбие сабағы болды.
Іс-шара соңында белсенді қатысқан оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мұндай марапаттар балалардың өз еңбегіне деген сенімін нығайтып, алдағы уақытта жаңа жетістіктерге ұмтылуға ынталандырады. «Күз бояулары» көрмесі тек шығармашылық сайыс қана емес, мектеп өміріндегі жылы әрі рухани маңызы зор шара болды. Ол арқылы оқушылар еңбектің қадірін түсініп, табиғатқа қамқорлық пен әсемдікке іңкәрлік сезімін бойларына сіңірді. Мектеп ұжымы алдағы уақытта да оқушылардың өнерін, қолөнер мен шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған іс-шараларды жалғастыруды көздеп отыр. Себебі «Адал азамат» бағдарламасының басты ұстанымы – әр баланы адал еңбек етуге, отансүйгіштікке және өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Осылайша, №70 мектепте өткен «Күз бояулары» көрмесі оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып қана қоймай, олардың бойында адалдық, еңбекқорлық және шығармашылық рухты қалыптастырған мәнді шара болды.


