«Уақытпен санасу деген жоқ, кейде ұйықтамайтын түндер болады»

379
0
012

Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Қазақстандық даму жолының жаңа кезеңі бүгінде ел алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Ол — экономиканы нығайту, еліміздің негізгі құндылығы — халықтың әл-ауқатын жоғарылату. Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамассыз ету арасындағы ұтымды тепе-теңдікті таба білу аса маңызды. Қазіргі уақытта бұл әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың өзекті мәселесі.
Осы орайда, Шымкент қаласының шырайлығымен қоса, атқарылып жатқан жұмыс ауқымы, халықтың әлеуметтік қорғалуы, құрылыс нысандарының кеңінен қанат жаюы, қала тұрғындарына көрсетілуі тиіс қызмет түрлері, еліміздегі үшінші қала атану мүмкіндігі зор Шымкенттің көріктенуі мен көгалдандырылуы тұрғысында қандай игілікті істер қолға алынуда? Осы және өзге де көкейкесті мәселелерге қатысты жауап іздеп, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Құрманбекова Гүлжан Мамытқызына жолыққан едік. Сұхбатымыздың негізгі бөлігі Шымкент қаласының бүгінгі келбеті мен болашағына бағытталды.

— Гүлжан Мамытқызы,әркімге өзінің туып-өскен ортасы ыстық болатыны  сияқты, Шәуілдірде туып-өскеніңізбен, білуімше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Шымкенттің өсіп-өркендеуі, экономикалық дамуы жолында еңбектеніп келесіз. Солай ғой?
— Дұрыс айтасыз. Отырардың ауасын жұтып, құмын басып өскен маған дүниеде Шәуілдірдей ыстық мекен жоқ сияқты көрінеді. Көпбалалы отбасында дүниеге келгендігімнен болар, жастайымнан зерек өстім, есеп-қисапқа жетік болдым. Мұның бәрі ата-анамның ықпалды тәрбиесі екендігі анық. Орта мектептен соң Алматыдағы  Халық шаруашылығы институтына түсіп, экономист болып ауылға оралдым. 1987 жылдан 1992 жылға дейін Қызылқұм аудандық қаржы бөлімінде инспектордан бастап, бас тексеруші инспекторға дейінгі қызметтерді атқардым.
1992 жылдан күні бүгінге дейін Шымкент қаласының тыныс-тіршілігімен тікелей байланыстамын. Қалалық қаржы бөлімінде,білім департаментінде еңбек еттім. Тура бір жыл бұрын Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітовтің сенім білдіруімен қала әкімінің орынбасары қызметіндемін. Бұл қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін мен айтпасам да, өзіңіз біліп отырсыз. Миллионға жуық халқы бар алып шаһардың жетістігімен қатар, кем-кетігі, шешімін табуы тиіс мәселелері болатыны екібастан аян. Барлығын бақылау керек,керекті жерінде өзім де бел шеше кірісіп кететін кездер болады. Уақытпен санасу деген бізде жоқ, кейде демалысты да ұмытатын уақыттар болып тұратыны бар.
— Елбасының айтқанындай, Шымкенттің еліміздегі үшінші қала атануына мүмкіндігі бар ма?
—Толығымен. Халқының саны жағынан да, экономикалық әлеуеті жағынан да. Өндірісі дамыған шаһардың күн өткен сайынғы келбетіне көз жүгіртіп көрген адам Елбасымыздың айтқан пікіріне келісетініне сенемін. 2012 жылы экономикалық нақты секторында макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсарту арқылы рейтингте Шымкент қаласы 2011 жылғы 14-ші орыннан 4-ші орынға көтерілгені бар. Егер салыстырмалы көрсеткіш ретінде алып қарар болсақ, бұл дегеніміз үлкен жетістік. Өнеркәсіп өнім өндірісінің көлемі 175699,9 миллион  теңгені құрады. Ауылшаруашылығынан алынатын өнім 4501,5 млн теңге, бөлшек сауда айналымы 148460,5 млн теңге болып, іске қосылған тұрған үй көлемі 168,1 мың шаршы метрге жетті. Негізгі капиталға 94152,7 миллион теңгенің инвестициясы тартылса, қала бойынша 56 592 кәсіпкер субъектілері тіркеуге алынды. Мұның бәрі жетістік. 2011 жылға қарағанда 2012 жылы өрлеу бар. Үстіміздегі жылғы көрсеткіштің мұнан да жоғары болары даусыз. Жылдан жылға өсу қарқынын жоғалтпаған Шымкенттің шырайына шырай қосары,экономикасы қарыштай алға дамитын кездері әлі алда. Қала әкімдігінің қолға алып жатқан ауқымды жоспарлары бар. Оның шет жағасына әлі тоқталармыз.
— Халқымызда «Есебі түгелдің еңсесі биік» деген сөз бар. Демек, еңселеріңіздің жоғары болуы есептеріңіздің түгелдігінен де болар?
— Әрбір еңбектің есебі болатыны заңды құбылыс. Есепсіз еңбектің өтеуі болмайды. Рас, Шымкент қаласын қай әкім басқарса да, өзіндік жұмыс ырғағы, өзіндік басқару шеберлігі болды. Сол сияқты, бүгінгі әкім Қайрат Құсейінұлының да ел басқарудағы ешкімге ұқсамайтын ерекшеліктері бар.
— Қазір халықты бірінші кезекте мазалайтын тақырып – баспана мәселесі. Осыған байланысты қала тұрғындарының саны артқан сайын баспанаға деген мұқтаждықта арта түсуде. Мемлекеттік  «Қолжетімді тұрғын үй-2020»бағдарламасы дүниеге келді. Шымкенттіктер үшін баспана мәселесі қалай шешілуде?
—    Қазіргі таңда жүзеге асырылып отырған «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы 9 бағытты көздейді. Аталған бағыттардың біріншісі – жергілікті атқарушы органда (ЖАО) кезекте тұрған азаматтарды арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағыт бойынша 2012 жылдың IV-тоқсанында мемлекеттік тұрғын үй қорынан арендалық 2 тұрғын үй (60 пәтер) пайдалануға берілген болса, биылғы жыл басынан бері 3 тұрғын үй (45 пәтер) пайдалануға берілді және тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегі төрт тізім бойынша жүргізіліп, төмендегі санаттағы азаматтар тұрғын үймен қамтылды:
— Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер -23 азамат;
— Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы -47 азамат;
— Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекетте сайланбалы қызмет атқаратындар – 34 азамат;
— Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылғандар – 1 азамат.
Кезекте  тіркелген ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері толық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2012 жылдың аяғында тұрғын үй алу тізіміне 8151 азамат тіркелген болса, тізімдегі азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 431-і белгілі себептермен кезектен алынды. 2013 жылдың басында тұрғын үй алу тізімін 7720 азамат құрады. Қазіргі таңда сәуір айының 1-іне дейінгі жағдай бойынша жоғарыда аталған тізімдер бойынша  7932 азамат кезекте тіркелген. Олар: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары – 2 азамат; халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан республикасының азаматтары – 4376 азамат; мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың  қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері және мемлекетте сайланбалы қызмет атқаратындар -3546 азамат; жалғыз тұрғын үй Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылғандар – 8 азамат. Бұл санаттарға 2013 жылдың барысында 2 тұрғын үй (126 пәтер) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жергілікті бюджет есебінен құрылысы аяқталмай тұрған 6 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 179 азамат пәтерлеріне құжаттарын рәсімдеді.
«Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша үй құрылыс жинақ банкі арқылы екі жүйемен пәтер беруі көзделінген:
— бірінші жүйесі арқылы барлық санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған. 2012 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 162 банк салымшылары тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2013 жылдың аяғына дейін 4 тұрғын үй (216 пәтер) пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
— екінші жүйесі «жас отбасыларды» тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда ЖАО-мен ниет білдіруші жас отбасылардан құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізіліп, 300 азамат құжат тапсырды. Бұл жүйе бойынша жыл аяғына дейін 2 тұрғын үй (126 пәтер) тапсырылады деп күтілуде.
— Қаланың  көркін ашар неше түрлі құрылыс нысандары бой көтеруде. Әсіресе, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан ғимараттардың көптігі көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ,саннан гөрі сапаға көңіл бөлетін боларсыздар?
— Әлбетте. Сапасыз құрылыстың сыры ертең-ақ мәлім болары анық. Біз де, «Нұр Отан» ХДП-ның бақылаушылары да бұл жағына аса мән берудеміз. Қала құрылысын дамыту мақсатында жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы мен тұрғын үй массивінің толық нұсқадағы жобасы дайындалып, құрылыс жұмыстарының басталып кеткені бар. «Нұрсәт» мөлтекауданынан салынып жатқан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының, 500 орындық облыстық драма театрының, «Түркістан» конгресс холлының, облыс әкімдігі ғимараты мен халықтық-шаруашылық жетістіктері көрмесінің құрылыстары басталып кеткендігінен көпшілік хабардар. Дәл осы аумақтан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыстарын жүргізу мақсатында 49 үйдің ЖСҚ дайындалып, 2013 жылғы облыстық бюджеттен 10,0 млрд теңге қаржы қаралды.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы бойынша құрылысы бірнеше жылға созылған 247 пәтерлі 8 тұрғын үй өткен жылы пайдалануға берілсе, биылғы жылы қалған 506 пәтерлі 12 үйді пайдалануға бермек жоспарымыз бар. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағадарламасының  шеңберінде былтыр 21 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтті. Мұнан бөлек, қаладағы 6 көпқабатты тұрғын үйлер сейсмикалық күшейтуден өткізілсе, биыл да 7 көпқабатты үйлер осындай жолмен төтенше жағдайларға қарсы дайындықтан өтеді. Бұл мақсатқа 337,8 млн теңге қаражат қаралуда.
«Қолжетімді баспана- 2020» бағдар-ламасының шапағатын шымкенттіктер көріп қана қоймай, олардың қоныс тойларын тойлаулары да жиіледі. Мемлекет басшысының елімізді одан әрі көркейту мен халқымыздың жағдайын жақсарту жолындағы алға қойған жоспары негізінде шырайлы қаламызда осындай-осындай, ауыз толтырып айтар жетістіктер орын алып жатқаны бар. Бұл сөз жоқ, елдің ертеңге деген сенімдерін арттырары даусыз.
— Гүлжан Мамытқызы, қала тұрғындарын тұрақты ауыз сумен,жылумен, электр энергиясымен қамтамассыз ету мәселелері қалай шешілуде, Шымкенттің сыртына орналасқан аймақтарда қандай қолбайлаулар баршылық?
— Өткен жылы 1 млрд 200 млн теңгеге 3 магистралдық су құбырларының құрылыстары жүргізіліп, оның біреуі пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде, «Энергоорталық-3» АҚ-нан «Шаңырақ» шағынауданына дейінгі аралықтың халқы сапалы ауызсумен қамтылды.Ішкі орамдық ауызсу құбырын тарту бойынша  3,0 млрд теңгеге 14 шағынауданда құрылыс жұмыстары жүріп, нәтижесінде елу мыңнан астам тұрғыны бар 13 шағынаудан да орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Биыл да 831,2 миллион теңгеге 7 шағынауданға ауызсу құбырларын тарту жоспары бар. 1млрд 300 млн теңгеге 8 шағынауданға электр желілері тартылып, 25 мыңнан астам тұрғынның жарық мәселесі шешілді. Сондай-ақ 4 подстансаның ЖСҚ әзірлеуге 145,0 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде қуаты 220 квт «Бозарық» подстансасы болашақта қаланың солтүстік  жағын толығымен электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндігі болады. Биыл 3 шағынауданға электр желілерін тартуға 386,2 млн теңге және «Бозарық» , «Астана-1,2» подстансаларының  құрылысы  бойынша ЖСҚ әзірлуге 208,0 млн теңге қаржы бөлінді.  Қаладағы шағынаудандарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Былтырғы жылы 2,0 млрд теңгеге 10 шағынауданға газ құбыры тартылса, биыл 12 шағынауданды газдандыру мәселесі шешілмек. Бұл үшін 2,9 млрд теңге қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары басталып та кетті. 2012 жылы жергілікті бюджет есебімен 469,0 млн теңгеге 9 шақырымдық магистралды жылу құбырлары, 214,0 млн теңгеге 18 шақырымдық жылу жүйелері жөндеуден өтті. Нэтижесінде,коммуналдық меншікте магистралдық құбырларының 85 пайызы, ішкі орамдық жылу құбырларының 37 пайызы жаңартылды.
Проблема, қолбайлау болар мәселелерден кендеміз деп айта алмаймын. Қаланың шет аймақтарынан тартылуы тиісті газ құбырларының кешеуілдеуі себебі, кезінде мемлекет меншігіндегі жерлердің жекеге өтіп кетуі салдарынан ол жерлерді қайта мемлекет иелігіне алу едәуір қиындықтар тудыруда. Әрине,бұл түбінде шешілетін мәселе. Оның үстіне, Шымкент қаласының аумағына көрші аудандардың жерімен қоса, халқы да өтіп жатқандығынан хабарларыңыз бар.
— Соңғы кездері Шымкенттің көшелері тарлық ете бастағаны ақиқат. Бұл көлік санының артуынан десек те, жол жағалауына қойылған көліктердің де үлесі бары рас. Бұл тұрғыда қала әкімдігі тарапынан қандай әрекеттер бар?
— Дұрыс айтасыз. Қоғам дамыған сайын-ескі тозады, бір кездергі үлкен көрінген- кішірейеді, биік дегеніміз-аласарады. Соған орай, облыс орталығындағы жолдардың тарлық ете бастағаны рас. Осыған орай, 2012 жылы құрылысы бірнеше жылдарғы созылып,пайдалануға берілмей келген Арғынбеков,Өтегенов, Шаяхметов, көшелерінің құрылыстарына бюджеттен 401,0 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде, Өтегенов пен Шаяхметов көшелері пайдалануға берілді. Момышұлы көшесі кеңейтіліп, Темірлан тас жолы мен Алматы-Ташкент айналма жолының қиылысындағы жерасты өткелінің құрылысы аяқталды. Көлік ағынын жеңілдету мақсатына 6 млрд теңге бөлініп, 165 көше орташа жөндеуден өтті. 168 көшеге қиыршық тас төселді.
Былтырғы жылы 3 көше қиылыстарына 4 оң жақтама өткелдердің құрылысы жүргізілсе, Қонаев, Бәйдібек би даңғылдары бойына заманауи талаптарға сай жол белгілері қойылды. Жергілікті бюджет есебінен 1 жол және 5 жаяу жүргіншілер өткелін, 2 көпір мен 3 көшені қайта құру бойынша жобалық- сметалық құжаттарын әзірлеуге 77,0 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар толығымен атқарылды. Ал, биылғы жылдың еншісінде әкімшілік-іскерлік орталығындағы 12 көшенің және «Ордабасы» алаңындағы автокөлік көпірінің құрылысы бар. Бұл мақсатқа 229,0 млн теңге бөлу жоспарланған. Жолдардың өткізу қабілетін жақсарту үшін 101 көшені орташа жөндеуге 2767,6 млн теңге, 36 көше қиылысындағы оң жақтама өткелдерді ұйымдастыруға 282,4 млн теңге, 23 бағдаршам нысандарын ауыстыруға 206,0 млн теңге, 22 көшені жаңа үлгідегі 2 компонентті пластикпен сызуға 150,0 млн теңге қаралды.
Бұл әрине, қала көшелеріндегі келеңсіздіктерді толығымен жоймаса да, бірте-бірте барлық көшелерді заман талабына сай етудің бастамалары екендігі анық. Көлік кептелісінің алдын алуға бағытталған іс-шаралардың ішінде әлгінде сіз айттқан жол жиегіне көлік қою оқиғалары да бар. Алдағы уақытта қала көшелерінде тұрақты тәртіп орнайтыны рас.Қоғамдық көлік қызметінің  сапасын жақсарту мақсатында 2012 жылдан бастап көлік компанияларына ескерту жасап, жыл сайын  қоғамдық көліктердің 20 пайызын жаңалап отыру тапсырылды. Нәтижесі сол, өткен жылы 45 жаңа автобус алынып, 24 шағын автобустар  сиымдылығы үлкен көліктерге  алмастырылды. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау, қала келбетін жақсарту мақсатында жеке инвестордың есебінен 55 жаңа үлгідегі аялдамалар орнатылды.
— Шымкент — «Жасыл қала» мағынасын білдірді. Демек, жасыл қаламыздың атына заты сай болуы үшін қандай игілікті істерді қолға алып жатқандарыңызды білсек.
— Кез келген елді мекен, қала болсын, оның көркіне көрік қосатыны жасыл желек екендігі анық. Әу бастан-ақ Шымкеттің шырайына тамсанбаған жандар кемде-кем. Біз мұнымен шектеліп қалмақ емеспіз. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы  Мырзахметовтің тікелей бастамасымен «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында қаламызда ауқымды істер қолға алынды. Әрі бұл мақсатқа қомақты қаржы бөлінді де. Қаланың өз «Жасыл аймағы» тағы бар. Көлемі 1000 гектар. 35 мың түрлі ағаш көшеттері отырғызылған аймақ күтіп ұсталынады. Қала тұрғындарының демалуларына ңығайлы болсын деген ниетпен Орталық саябақты қайта күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне бердік. Бәйдібек би, Астана даңғылы, Темірлан тас жолының бойлары ретке келтіріліп, әсем де сәнді ағаш көшеттерімен көмкерілді. «Мұз сарайының» іргелес аумақтарына көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Соңғы кездері көпқабатты үйлердің тұрғындары да белсенділік танытып, өзері тұрып жатқан аймақтарды көгалдандыруға құлшыныс танытуда. Әкімшіліктің де қарап қалмасы анық. 865 миллион теңге бөлініп, 140 аула көріктендірілді. Биылғы жылғы жоспарымызда тағы да 269 ауланы талапқа сай көріктендіру жұмыстары тұр. Бұл үшін бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралмақ. «Абай» және «Нұрсәт» шағынаудандарынан саябақтар ашылады. Оларды көгалдандыру мен көріктендіру жұмыстарына 101,5 млн теңге, «Қажымұқан» атындағы орталық стадионның төңірегін абаттандыруға 27,0 млн теңге бөлінеді. «Қошқар ата» және Бадам өзендерінің жағалуларын көпшіліктің демалатын әрі тынығатын аймағына айналдыру мәселесі де өз шешімін тауып, 2,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жасыл желек жамылған аймақтан  жағажай ашылатын болады. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында талай игілікті істерді қолға алып жатырмыз,
— Білім беру, мәдениет саласымен қатар спортқа барынша назар аударылып жатқан шақта қалалық әкімдік тарапы да мұндай ізгілікті іс-шаралардан тыс қалып жатпаған болар?
— Әрине. Елбасының тапсырмасына орай өмірге келген «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде 2012 жылдың өзінде 7 мектептің құрылысы жүріп, «Асар» шағынауданынан 1200 орындық, «Жайлаудан» 300 орындық, Қорғасын «зауыты» аймағынан 600 орындық  мектептер пайдалануға берілді. 7 мектепте қосымша ғимараттардың құрылысы жүрді. Және 4 білім беру мекемелері күрделі жөндеуден өтті. Халықаралық білім стандарттарына сай, физика-математика, химия- биология бағыттарындағы 2 «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» құрылыстары жүрді. Биыл жаңадан 4 мектептің құрылысы басталмақ.
«Балапан» бағдарламасы бойынша «Қазығұрт» шағынауданында 280 орындық  типтік жобадағы балабақшалар бүлдіршіндерге есіктерін айқара ашты. Биылғы жылы 3986 баланы қабылдайтын жаңа балабақшалар салуды қолға алмақпыз. Бүгінге дейін оның 1045-і балабақша табалдырығын аттап үлгерді.
«Жеңіс» саябағында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің, ауған соғысына қатысушылардың түрлі мамандық  иелерінің ерлік істерін паш ететін «Ерлік» мұражайы ашылды. 3 кітапхана өткен жылы, биыл  16 кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, оқырмандар үшін ыңғайлы әрі талапқа сай жаңартылатын болады. Үстіміздегі жылы шығыс жекпе-жегі, спорт түрлері бойынша №11 спорт мектебін ашу жоспарланса, бұған дейін жабық жүзу бассейіні, халықаралық деңгейдегі теннис орталығы спортсүйер қауымның игілігіне берілді. Спорт нысандарын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлар түзілген. Игілігін ел көретін болады.
— Жолдау жүктеген міндеттер тұрғысында не айтар едіңіз?
— Президенттің «Қазақстан -2050» Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауы толығымен инновациялық ойлауға құрылған. Жолдау- көп жылғы теориялық, тәжірибелік, прагматикалық әрі тұлғалық ізденістердің нәтижесі. Жолдаудың бірінші құндылығы- әлемге әйгілі 30 елдің қатарына ену бағыты. Екінші құндылығы- еліміздің 2050 жылға дейінгі өсу бағдары. Үшінші құндылық- ел мәңгілігі. Бұл Елбасының кейінгілерге өсиеті. Яғни, «Мәңгілік Ел» болу құндылығымыз. Елбасының қойып отырған міндеттердің тактикалық қана емес, сонымен бірге үлкен стратегиялық маңызы бар. Оны дер кезінде орындау — бұл әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті әрі парызы.
— Гүлжан Мамытқызы, сұхбатымыздың соңында газет оқырмандарына айтар қандай тілегіңіз бар?
— Бәріміз де уақыттың көшінен кеш қалмауға тырысуымыз керек. Қоғам ілгері дамыған сайын, адам да даму керек, ой-өрісі кеңеюі тиіс. Оқырманның талғамы жоғарылаған сайын газеттің мазмұны да жоғарлайды,сапасы артады. Татымсыз дүниелерден аулақ болып, талғамымыз тек қана жоғары болсын.
— Рахмет!

Сұхбаттасқан Ердәулет СҰЛТАН.

Сіз не дейсіз?

Алмасбек Мамытбеков

Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— Оңтүстік өлкесі іскер әйелдерден кенде емес қой. Талай қоғам қайраткерлері мен өнер саңлақтарын, ақыны мен әкімін,ғалымы мен атағы алты қырдан асқан саңлақ спортшыларын өмірге әкелген өлкеде бүгін де апаларының жолдарын жалғастырушы ізбасар сіңлі-қыздары жетерлік. Солардың қатарында жүрген Құрманбекова Гүлжан Мамытқызын атасақ, мұның ешқандай сөкеттігі де, артықшылығы да жоқ болар деп ойлаймын. Рас, ол іскер, білікті, тәжірибелі. Шымкент қаласының ыстығына күйіп, суығына тоңа білер жауапкершілігі тағы бар. «Менде болғанша, елде болсын» дейтін мұндай кадрларды тиісті жерінде қолдап, көтермелеп жүрудің артықтығы жоқ. Оның еліне бергенінен әлі бермегі көбіне де сенемін.

Сіз не дейсіз?

9-300x300

Төреайым СҰЛТАНОВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты :

— Гүлжан Мамытқызының бүгінгі қызметке  тағайындалғанына бір жылдың көлемі болды. Осы, қысқа мерзімде ол өзінің іскерлігін де, еңбекқорлығын да таныта білді деп ойлаймын. Қаланың қым-қуат тірліктері әйел заты түгілі, ер азаматтың өзін есеңгіретіп жіберері анық. Бірақ оның мойып немесе шаршап жүргенін тағы көрмеймін. Қашан көрсең, ел игілігі жолында шапқылап жүргені. Әйтпесе, Гүлжан да екі ұл, бір қыздың анасы, бір отбасының жылуы мен шуағы. Бала тәрбиесі бар, отбасы тіршілігі, әйтеуір, ерлерге қарағанда әйелдердің тірлігі таусылмайтыны рас. Бәріне үлгеріп жүрген оған кейде қызығамын да. Сонда да, қазақтың қыздарының  бойында жауапкершілік пен қайсарлық басым ғой.

Сіз не дейсіз?

Бейбіт Сыздықов

Бейбіт СЫЗДЫҚОВ,
Отырар ауданының әкімі:

— Кезінде Отырардың, бүгінде Шымкенттің экономикалық дамуына, әлеуметтік ахуалының артуына өзіндік үлесін қосып жүрген Гүлжан Мамытқызының білімдігі мен біліктілігіне шәк келтіре алмаймын. Заты әйел демесек, істеген тірліктері ер-азаматтың еңбегінен артық болмаса, кем емес. Қазақтың өршіл де, өрелі қыздарының қатарында жүрген Гүлжан қарындасымыздың алдында қойған асқақ арманы көптігін білемін, арманына қол жеткізетініне де сенемін. Ол қызмет сатысының баспалдақтарымен бірте-бірте жоғарылап, өсіп келе  жатқан маман болғандықтан, өзіне жүктелген қандай да бір жауапкершілік болмасын, үдесінен шыға білетін жан. Өз міндетін жете түсінетін әрі осы жолда шаршап-шалдығуды білмейтін оның болашағынан әрдайым үміт күтемін.