«ЖАР САЛЫП ЖҮРГЕННIҢ БӘРI ЕМШI ЕМЕС»
Тәттiбек Жарқынбеков 1951 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы, Бәйдiбек ауданы, Ақбастау ауылында өмiрге келген. Мамандығы — дәрiгер. Фитотерапиямен айналысады. 12 түрлi дәрiлiк өсiмдiк құрамының авторы. Қазақтың 62 тамыр арқылы нақтама (диагноз) қою әдiсiн меңгерiп, осы туралы кiтап жазған. Академик, профессор, ғалым-дәрiгер, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi халық және рухани емшiлер мекемесi Оңтүстiк Қазақстан филиалының директоры. Өзiнiң жеке клиникасы бар. Көбiнесе онкологиялық сырқатқа шалдыққандарды емдейдi.
— Тәттiбек аға, Оңтүстiк өңiрiне атағыңыз аса таныла қоймағанымен, өзiңiздi iздейтiндердiң көп екенiн бiлемiз. Қазiр «мен емшiмiн» деп өздерiн жарнамалайтындар жетерлiк. Өзiңiздiң де осы жолға түсуiңiздiң сырын бiлуге бола ма?
— Қазiргi жар салып жүргендердiң барлығы бiрдей емшi емес. Осы жолға түсу үшiн кемiнде 25 жыл үйрену керек, бұл саланы түбегейлi зерттеу қажет. 16 жасымнан бастап нағашы әжем Анар Сәмбетқызының жанында жүрiп, ауруды тамыр арқылы болжау және дәрiлiк шөптермен емдеу тәжiрибесiн үйрендiм. Анар Сасықованы бiлмейтiн жандар кемде-кем. Ол кiсi ОҚО Бәйдiбек ауданы, Теректi ауылында туылған. Самарқанд медресесiнде араб медицинасын оқып-үйренген және Оңтүстiк өңiрiндегi дәрiлiк өсiмдiктердi зерттеп, тамыр соғудың 62 түрi бойынша ауруды дөп басып анықтауды шебер меңгерген. 1982 жылы 102 жасында өмiрден өткен әжемнен алған тағылым, тәжiрибем мол. Сондықтан болар, жастайымнан адамдарды емдесем, оларға қуанышпен қатар өмiр сыйласам деген мақсат басым болды. Сөйтiп, 1971 жылы Шымкенттегi медициналық училищеге оқуға түскенiмде Анар әжем менен бетер қуанып, шын көңiлiмен батасын берiп едi.
Училищенi бiтiрген соң бiршама уақыт Бәйдiбек ауданында фельдшер болып еңбек еттiм. 1975 жылы Алматыдағы медициналық институтқа түсiп, осында бiлiм алдым. Онкология институтында Қазақстан ғана емес, Кеңес одағына атақтары жайылған белгiлi профессорлармен қызметтес болдым. Алған бiлiмiм бойынша бiлiктiлiгiмдi арттырдым, тәжiрибе жинақтадым. 32 академиктермен бiрге шөлдi аймақтарды, тау-тасты кезiп, КСРО-да кездесетiн дәрiлiк шөптердiң түрлерiн, қандай ауруларға ем болатын қасиеттерi барын анықтауға атсалыстым. Кейiн бұл жөнiнде КСРО-дағы емдiк қасиеттерi бар өсiмдiктердiң түрлерi мен орналасуы жөнiнде үлкен атлас кiтап жарық көрдi. Мәскеуде қызмет атқардым. Былайша айтқанда, мен адамдарды емдеу жолына 16 жасымнан түскен екенмiн.
— Сiзден ем қабылдаған жүздеген сырқаттар дерттерiне дауа тауып, шынайы алғыстарын бiлдiрiптi. Көбiсi қатерлi iсiкке шалдыққандар екен. Ем қонбайды дегендердiң өздерi бүгiнде шауып жүр. Мұның қандай сыры бар?
— Ешқандай да құпия, сыр жоқ. Жазылмайтын дерт болмайды. Ол үшiн адамда сенiм, үмiт болуы тиiс. Менде Балгерен Бозова деген сырқат болды. 1981 жылдан берi онкологиялық есепте тұрады. 3 мәрте ота жасатқанымен, ем қонбаған. Оны кезектi ота жасату үшiн Алматыға жiберген. Бiрақ ол онда бармай, маған келдi. Қазiр шауып жүр, жағдайы жақсы. Сол сияқты, 2006 жылы сары аурумен ауырып, бауыр iсiгiне шалдыққан Айгүл Төлепбергенова, қатерлi iсiк ауруымен ауырып, 2009 жылға дейiн емделген Зинаида Гагарина деген сырқаттар да менiң емiмнен соң жағдайлары дұрысталып, бүгiнде денсаулықтарына ешқандай шағымдары жоқ. Тағы да айтарым, кез келген сырқат жан «жазыламын» деген ниетпен келсе, мiндеттi түрде жазылады. Үстiмiздегi жылғы қаңтар айынан бастап сырқаттарды емдеу үшiн жеке клиника ашып, аптаның әр сәрсенбiсiнде қабылдау өткiземiн. Емдеу әдiсiм — ауруды тамыр соғысы арқылы болжап, дәрiлiк өсiмдiктерден даярланған ұнтақтарды пайдалану.
— Тәттiбек аға, академик атағын қалай алдыңыз?
— Өткен жылы Чехословакияның Прага қаласында дүние жүзiнiң 134 мемлекетiнен келген ғылымдардың IҮ-шi Халықаралық симпозиумы өттi. Осында мен баяндама жасап, бұрыннан қалыптасқан 48 тамыр соғудың түрiн 62-ге жеткiзiп, оны нақты мысалдармен дәлелдеп бердiм. Бұл – жұрт күтпеген тосын жаңалық болғаны анық. Осыдан соң маған «Экология» Академиясының академигi атағы берiлiп, арнайы сертификат табыс еттi.
— Дәрiлiк өсiмдiктердi қайдан аласыз, оларды жинаудың қандай ерекшелiктерi болады?
— Қазақстанда 6 мыңға жуық өсiмдiк түрi бар. Олардың кейбiреулерi әлi де болса химиялық және фармакологиялық тұрғыда зерттелмеген. Дәрiлiк өсiмдiктер әлемнiң барлық елдерiнде қолданылады. Шөптiң емдiк қасиетi адамзат баласына ықылым заманнан берi белгiлi. Бұл бiлiм ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келедi. Дәрiлiк өсiмдiктердiң шипалық әсерi ғылыми түрде дәлелденгенiмен, кейбiрiнiң химиялық және биологиялық құрамы әлi де белгiсiз. Емдiк шөптерге деген қызығушылық әр елде әр түрлi және пайдаланатын түрлерiнiң саны де әркелкi.
Мен дәрiлiк шөптердi негiзiнен Бәйдiбек ауданынан жинаймын. Бұл ауданда қандай өсiмдiк түрлерi бар, олар қай жерлерге орналасқан, бұл туралы менде арнайы жасалынған карта бар. Сол арқылы iзденгенiмдi оңай табамын, өсiмдiктердi жинау, дайындау кезiнде ұлым Нұрлан қолқабыс жасайды. Оны да осы салаға баулып жүрген жайым бар.
— «Әруақтар қысып жүр», «түсiмде әулиелер аян бердi», «пәленше деген ғұламаның батасын алдым» деп, емшiлiк жолға түсiп жүргендер мен тәуiптiк жолды ұстанғандарға деген пiкiрiңiз қалай?
— Жалған жолмен жар салып, өздерiн емшi санап жүргендер онсыз да көңiлдерi күптi, жүректерi жаралы сырқат адамдарды алдамаса деймiн. Рас бiлгiр де бiлiктi емшiлер бар. Олар халықтық медицинаға сүйенедi, ерiнбей-жалықпай үйренедi. Жоғарыда айттым ғой, көпшiлiктi емдеу үшiн ұзақ уақыт дайындалу керек. Кемiнде 25 жыл. Менiң бiр түсiнбейтiнiм, бiздiң мекемеге тiркелмеген, аты-жөнiн бiлмейтiн Нағима қажы деген бiреу өзiн баспасөз арқылы жиi жарнамалап, тiптен бiздiң мекеме атынан сөйлеп, өзiн осы мекеменiң өкiлi етiп көрсетiп жүргенi қызық. Оның заңсыз әрекетi жөнiнде қаржы полициясына шағымдануға мәжбүр болдым. Сондықтан, кез-келген iстi ақылдасып, бiрлесiп шешкенге не жетсiн! Бiз адам жанының арашашысы екендiгiмiздi ұмытпауымыз керек. Бiздiң еңбегiмiздiң бағасын беретiн де, бағалайтын да – халық.
— Сұхбатыңызға рахмет, iзгi ниетiңiз баянды болғай!
Сұхбаттасқан
Ердәулет
ТҰРАПБЕКҰЛЫ.