«Атамқұлов шын мәнінде таза әкім»

681
0


Оңтүстік өңірінің басшылығы сеніммен тапсырылған Бейбіт Атамқұловтың әкімдік қызметті атқарғанына алдағы айда бір жыл толмақ. Біз осы қысқа мерзім ішіндегі ол кісінің жұмысына жүйелі баға беру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Рәшкүл Жәлелқызы Оспанәлиева ханымды әңгімеге тартқан едік. Алуан ойды қамтыған пікір шынайы және барынша ашық жағдайда өтті.

— Рәшкүл Жәлелқызы, облыстың қазір әкімі Бейбіт Атамқұловтың басшылық қызметке келгеніне 11 айдан астам мерзім өтті. Ол кісі жаңа жұмысында өңірдің оңы мен солын танып үлгере алды деп ойлайсыз ба?

— Біріншіден, облыс басшысы өңірдің аудан, қалаларының түйінді мәселелерін толық танып, түгел білді деп айта алмаймын. Үш миллион халықтың бар жағдайын түбегейлі ұғынып, осы қысқа ғана уақыт ішінде оны толық білуге бұл мерзім аздық етеді. Екіншіден, Бейбіт Бәкірұлы осы салада бұрын жұмыс атқармаған адам. Сондықтан бір жылға енді ғана толатын кездің ішінде барлық жағдайды бүге-шегесіне дейін игерді деп бағалау мүлдем дұрыс болмайды. Өзіңіздің «Уақыт» газетінде бұрынғы әкім Асқар Мырзахметов туралы қаншама сын мақалалар жарық көрді. Онымен бәріміз таныстық. Облыс тізгінін ұстаған алты жылдан астам мерзімде облыста кадр мәселесі жөніндегі жағдай ең өзекті кемшілікке айналды. Қазіргі тестілеу мен «А» корпусы дегендер шыққан кезде кадр саясатын шешу оңай болмайды. Атамқұлов мырзаның өзі «Мен Шымкентті білемін» деп қанша айтқанмен, осыдан 15 — 20 жыл бұрын осы өңірде аз ғана мерзім қызмет жасағандығын ескерсек, ол кез бен қазіргі күнді мүлдем салыстыруға болмайды. Арасы аспан мен жердей. Сондықтан, сіздің сұрағыңыздағы өңірді тану жөніндегі сауалға жауап берудің, оны бағалаудың өзі қиындық тудырады.

— Сіздер, депутаттар, халық пен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір іспеттісіздер. Облыстағы билік басшысының бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысына халық өкілі ретінде қандай орнықты пікір айтар едіңіз?

— Мен мына бір мәселелерге ерекше ден қойғанды дұрыс санаймын. Қазір өңірде құрылысы осыдан бір, екі, үш жыл бұрын басталған нысандар енді ғана бітіп, пайдалануға беріліп жатыр. Ал, Атамқұловтың әкімдікке келген кезінде қолға алынған мектеп, аурухана секілді құрылыс жұмыстарын атқару жаңадан жолға қойылуда. Нәтижесін әлі берген жоқ. 11 айдың ішіндегі атқарылған істерге нақтылы баға беріп, терең сараптай алмайтындығымыз да сондықтан. Алғашқы 5-6 ай әкімнің облыспен танысып, білісуіне арналды. Оның үстіне жаңа құрылыс нысандарының жобалық құжаттары жасалынып, жоспарлар белгіленді. Сондықтан, осы белгіленген жұмыстар жылдың аяғында, болмаса келер жылдың басында ғана өзінің ең алғашқы қайтарымын көрсетіп, нағыз іс жүзінде ғана пайдасын берері белгілі. Б.Атамқұлов қызметке келгеннен кейін депутаттар сайлауы өтті. Халық қалаулыларының 40 пайызы жаңарды. Депутат болуға ниеттеніп, халық үшін еңбек етемін дейтіндерге толық мүмкіндік берді. Ешкіммен ақылдаспады. Бөлектеп сөйлеспеді. Өтсең өттің, өтпесең қалдың деген тұжырым ұстанды. Біздерге билік тарапынан ешқандай тосқауыл болмауының өзі нені көрсетеді? Ол – әкімнің тазалығын, халықтың қалаған үміткерін сайлауына, таңдауына мүмкіндік бергенін көрсетеді. Мұның өзі – үлкен адамгершілік пен тазалықтың шынайы көрінісі болатын нәрсе. Шын мәнінде Бейбіт Бәкірұлын шындықты талап ететін, әрі оны іс жүзінде орындайтын әкім ретінде сыйлаймын. Осы жағынан алғанда ол кісіні өте таза, адал адам ретінде шынайы көңіліммен құрметтеймін. Бұл ешқандай жасанды жағымпаздықсыз айтып отырған пікірім. Біздің өңірде ана әкім келсе соған, басқасы келсе оған жалпақтап, жалтақтап жүретіндер көп екенін несіне жасырамын? Ондай қарақан басы үшін жасалатын «маймыл» әрекеттер Бейбіт Бәкірұлы секілді адамды таза жолынан тайдыруы да мүмкін. Менің жеке өзіндік көзқарасым – облыс әкімі алғаш қызметке келген кезде қандай таза болса, бүгінге дейінгі іс-әрекеттеріне қарап сол дағдысынан таймайды деп ойлаймын. Және оған өз басым кәміл көңілмен сенемін де. Біздің өңірді басқарған қандай да бір азамат абыроймен, адал қызмет атқарған болса, ол Қазақстанның кез келген жерінде сол абыроймен жұмысын жалғастыра алады. Кезінде экс-әкім Асқар Исабекұлын мен де сынадым. Бұл ешқандай бақай есепке құрылмаған сын болатын деп есептеймін. Егер сынды дұрыс қабылдап, оның астарынан ілік іздемей, көңіліне ауыр етіп алмай, тиісті нәтиже шығара білген басшы үлкен биіктерге өрлейді. Жұмыс бар жерде кемшіліктің орын алуы заңдылық. Ондай олқылық болмайды деген қағиданы ұстану мүлдем қате. Бәрі керемет, тура ертегідегідей деу де дұрыс емес. Рас, кемшіліктер де, ақсап жатқан олқы жерлер де аз кездеспейді. Оны жолға қою үшін әкімнің тек жеке өзі емес, оның командасындағы білікті мамандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымдасып, бірлесіп жұмыс істейтін болса, онда кездескен бар кемшілік пен орын алған олқылықтарды жеңіп, оң нәтижеге қол жеткізуге болатындығын өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеген. Өкінішке орай, басшымен қапталдаса, жанашырлықпен жұмыс істейтін мамандар әлі де жетіспейді. Бұл шындық. Менің ойымша облыста кадр саясаты қазіргі таңда да ақсап жатқан секілді. Оның нәтижесін уақыт еншісіне сай алдағы өмір көрсетеді. Сол себепті сөз басында өзіміз ерекше атап көрсеткендей, Атамқұловтың бір жылға тарта мерзімде жүргізген жұмысына нақтылы, әрі тұжырымды баға беруге әлі ертелеу деп есептеймін. Нақтылы тұжырымдамалық сараптама жасау үшін ең кемінде екі жыл уақыт қажет. Содан соң ғана барып халықтың алдында «мен мына мәселені атқардым, ананы, мынаны шештім» деп есеп берсе, жоспарланған жұмыстардың қалай жүзеге асырылғанына шын мәніндегі орнықты баға қойылмақ. Атқарылған іс халыққа қажет пе, әлде керексіз дүние ме, оны сондағы есептен білуге болады.
— Сіздің мәслихаттағы көптеген әріптес депутаттарыңыз тарапынан «бізбен әкім санаспайды, бізді қабылдауға мүмкіндік жасамайды» деген пікірлер аракідік айтылады. Бұған не айтар едіңіз?

—Ол шындық. Қанша дегенмен бұл кісі жаңадан келгеннен кейін Асқар Мырзахметов секілді әр депутатты жеке-жеке қабылдаған жоқ. Өткен жылы ана мен баланы қорғау орталығының төреайымы ретінде соған қатысты ең өзекті мәселелерді айтайын деп облыс әкімінің қабылдауына кіруге екі рет әрекет жасадым. Өйткені, осы салаға байланысты қордаланған үлкен мәселелер бар болатын. Әкімнің көмекшісіне айтқан өтінішім ұдайы аяқсыз қалады. Көмекші тікелей өңір басшысымен ғана шешуге тиісті мәселені тездетудің орнына облыс әкімі аппаратының басшысына кіруге кеңес беріп, біздің уақытымызды алып, әуре-сарсаңға салды. Осының бәрі әрине артық нәрсе. Соңғы 15 жылдың көлемінде мен әкімге кіру үшін аппарат басшысына өтініш айтып, облыс басшысына кірген адам емеспін. Бұрындары облыс әкімінің өзіне, болмаса көмекшісіне телефон шалып, тікелей тиісті мәселемізді айтып, күнін белгілеп барып, кездесіп үйренгенбіз. Мені өкіл етіп сайлаған 25 — 30 мың халықтың атынан облыс басшысына сол көптің көкейіндегі мәселені жеткізбесем, депутаттығымнан не пайда, онда менің кім болғаным? Олардың мұң-мұқтажын әкімге жеткізу өз сайлаушыларымның алдындағы ең негізгі міндетім екендігін мен жақсы түсінемін. Осыдан кейін облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихат хатшысына «менің қабылдауымда болғысы келетін депутаттар болса, олардың өтінішін орындаймын» деген тұжырым жасапты.

— Өзіңіз осыған дейін облыс әкімінің қабылдауында бола алдыңыз ба?

— Биылғы жылдың мамыр айының аяғында Б.Атамқұловтың бір мәрте қабылдауында болып, елдің, халықтың, мәслихаттың, өзімнің мәселелерім турасында кең көлемде әңгімелестім. Ол кісінің шын мәнінде нағыз халықтың қамын ойлайтын, шындықты мойындайтын адам екендігіне шынайы көзім жетті. Өзім кіріп, пікірлесіп, ой түймесем – мен ондай пікір білдірмес едім. Сырт жұртқа өзім кездесіп, әкіммен келелі мәселелер төңірегінде әңгімелеспеген болсам, оған өз тарапымнан мінездеме бере алмаймын ғой. Мен өзімнің әрбір сөзіме жауап беріп үйренген адаммын. Облыс басшысына кіріп, кеңінен сұхбаттасып, уәжді әңгіме-дүкен құрғаннан кейін ғана осындай нақтылы тұжырымды пікірді көңілімде қалыптастырдым. Өз басым біраздан бері облыс әкімінің, орынбасарларының, басқарма басшыларының жұмысын бақылап, бағалап келе жатқандықтан Б.Атамқұловтың қабылдауы кезінде ашық, сындарлы, әрі шынайы түрдегі біраз мәселелерді жеткіздім. Мен бір нәрсеге шын мәнінде тәнті болдым. Бұрынғы-соңғы әкімдер өзінің алдында болған басшылар жөнінде, оның жұмысы турасында «анаусы дұрыс емес, мынаусы былай еді» деп жақтырмай отырушы еді. Бейбіт Бәкірұлы өзінің алдындағы әкім Асқар Мырзахметов турасындағы айтқан пікірі өте жақсы болды. Сөз барысында Асекең жайлы ризашылығын білдіріп, көңілінің кеңдігін, пейілінің ақтығын білдіргені менің жүрегіме жылылық ұялатты. Егер сынап, мінеп отырса, менің өз пікірім өзімде қалар еді. Оны бұл сұхбатта ұстаным етіп айтпас та едім. Әлгінде айтқандай менің облыс басшысының аса таза адам екендігіне шын мәнінде толық көзім жетті. Осы дидарласу сәтінде Асқар Исабекұлының өзі мен ол кісінің әкесіне, анасына қатысты аса бір қымбат пікірлер білдіргеннен соң, облыс басшысының қабылдауынан ерекше көңіл күймен қайттым. Өз басым жұмыстан ауысқанға дейін облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметов жайлы мақтау әңгімені көп білдірмеген едім, керісінше сынаған болатынмын. Бейбіт Бәкірұлы болса алдындағы әкім туралы жүрекке жылы тиетін мағыналы пікір білдіргендігі ол кісінің деңгейінің, адамгершілік қасиетінің қандай екендігін бірден аңғартты. Асқар Исабекұлы шын мәнінде үлкен тұлға, сынға шынайылық танытып, оны көтере білетін әкім еді. Бейбіт Бәкірұлының бойындағы бір кемшілік – болмашы ғана сынды аса ауыр қабылдайтындығы. Оған ерекше мән береді. Жұмыс бар жерде сын болады. Ол адамды ширатады, кемшіліктен арылтады. Жаңа биіктерге жетелейді. Асекең алты жарым жылда сынның арқасында қалай ширағандығын бәріміз білеміз. Сол секілді қазіргі облыс әкімі де сыннан қорықпай, оның дұрысы мен бұрысын шынайы қабылдау керек деп ойлаймын. Сынаған жанды шақырып алып, сұхбаттасып, қай жерде өзінің қандай кемшілігі бар екендігін біліп отырса, жағымпаздарға назар аудармай, сынағандармен сырласса қандай ғанибет болар еді.

— Рәшкүл Жәлелқызы, шындығында да сіз талай азаматтың жүрегі дауаламаған облыс басшысы жөніндегі ойыңыз бен пікіріңізді ашық айттыңыз. Осы үшін де сізге өз тарапымыздан риза көңілдің алғысын білдіргіміз келеді.

Сұхбаттасқан
Талғат БАЛТАБАЕВ.