САЛАЛЫҚ БАСҚАРМАЛАР АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕБІН БЕРДІ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға партияның атқарушы хатшысының орынбасарлары Ербол Байқонысов пен Талғат Балтабаев, кеңес төрағасы Берген Ержаппар, Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов және кеңес мүшелері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – ашықтық пен есептілікті арттыра отырып, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту.

Отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген міндеттердің орындалу барысы қаралды. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасы аясында құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар сарапқа салынды. Кеңес мүшелері аталған салалардағы ашықтық деңгейі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасы және жемқорлық тәуекелдерін төмендету жолдары бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды. Алғаш болып баяндама жасаған Құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы кеңінен ақпарат берді. Биыл 109 нысанның құрылысы жүргізіліп жатқаны, оның 65-і жыл соңына дейін пайдалануға берілетіні айтылды. Ал қалған 44 нысан келесі жылға өтеді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы ерекше назарда. Бүгінде 57 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда, жыл соңына дейін соның 31-і пайдалануға берілмек. Бұл – 2 412 жаңа пәтерді құрайды. Сонымен қатар 40 әлеуметтік нысанның 26-сы биыл аяқталады, ал 12 инженерлік инфрақұрылым жобасының 8-і жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Мендіқұлов инженерлік желілердің жағдайы туралы есеп берді. Шымкенттегі 81 елді мекеннің 80-і ауыз сумен қамтылғаны, 26 елді мекеннің кәріз жүйесіне қосылғаны айтылды. 2024 жылы 6 елді мекенде жұмыстар жүргізіліп, Солтүстік-Батыс аймағындағы ірі жоба толығымен аяқталған. Бұған қоса, 120 мың тұрғынға қызмет көрсететін Тұран коллекторы іске қосылған.

Қала толықтай электрмен қамтылғанымен, сапалы қуат көзін тұрақты жеткізу үшін қосымша желілер тарту жұмысы жалғасуда. Қазір 7 елді мекенде жаңа электр желілері орнатылуда. Сонымен қатар Ақжар, Бадам және Тұран қосалқы станцияларының құрылысы қарқынды жүруде. Ақжардағы 110 кВ қосалқы станциясының құрылысы аяқталып, 13 мың тұрғын тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетіні мәлім болды. Баяндамашылар өз салаларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жүйелі шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әсіресе мемлекеттік сатып алулардағы ашықтықты арттыру, бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау, цифрландыруды енгізу сияқты бағыттарда нәтижелі жұмыстар атқарылған. Кеңес мүшелері ұсынылған ақпаратты тыңдап, әр саладағы мәселелер мен атқарылған жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ басқарма басшыларына нақты сұрақтар қойылып, қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде қосымша ұсыныстар берілді. Бұл мәжіліс – қаланың құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы жұмыстың барысын ашық талқылауға, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттестікті арттыруға бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.