ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛҒАН ТҰРҒЫНДАР КӨМЕК СҰРАП КЕЛДІ

«AMANAT» партиясы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мен азаматтардың заң алдындағы қорғалуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Соның айғағы ретінде партияның Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Аталған іс-шараға қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Талғат Балтабаев, тәжірибелі заңгерлер мен адвокаттар қатысып, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар негізінен құқықтық сипаттағы мәселелерін көтеріп, кәсіби кеңес алды.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алаяқтардың арбауына түсу, несие қарызын төлеуде туындаған қиындықтар, жер даулары және алимент өндіру секілді әлеуметтік маңызы бар проблемаларды қозғады. Бұл – қазіргі қоғамдағы өзекті әрі жиі кездесетін мәселелердің бірі. Көп жағдайда тұрғындар құқықтық сауаттың төмендігінен тиісті мекемелерге дер кезінде жүгінбей, өз мүдделерін қорғай алмай қалып жатады. Сондықтан мұндай қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Шара барысында заңгерлер мен адвокаттар әрбір өтініш иесіне жеке құқықтық кеңес беріп, арыз-шағымдарын заң аясында қарастырды. Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері түсіндіріліп, қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу жөнінде нұсқаулық берілді. Кейбір мәселелер сол сәтте-ақ шешімін тауып, тиісті мекемелермен байланыс орнатылды. Ал күрделі әрі терең зерттеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай қабылдаулардың басты мақсаты – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру. Әрбір тұрғын өз құқығын біліп, әділдікке заңды жолмен жетудің маңызын түсінуі керек. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға айрықша назар аударып отыр. «Құқықтық көмек» жобасы тек кеңес берумен шектелмейді. Ол азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты істердің жүзеге асуына жол ашады. Партиялық қабылдаулардың барысында жиналған өтініштер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, орындалу барысы қатаң бақылауға алынады. Бұл тәсіл — партияның жауапкершілікпен әрі нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізіп отырғанының дәлелі.

Жиын қорытындысында ұйымдастырушылар мұндай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін атап өтті. Себебі, құқықтық көмекке мұқтаж азаматтардың қатары аз емес. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылар, зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар үшін кәсіби заңгерлік кеңес үлкен көмек болып табылады. Жалпы «AMANAT» партиясының бұл бастамасы – қоғамдағы әділдік пен құқықтық тәртіпті нығайтудың нақты көрінісі. Партияның азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, олардың жанайқайын тыңдап, шешу жолында нақты әрекетке көшуі – халық сенімін арттырудың басты кепілі. Осындай қоғамдық қабылдаулардың тұрақты ұйымдастырылуы – әділ қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.