РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Шымкент қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының 2025 жылғы 19 қарашадағы хатына сәйкес, қала мектептерінде құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Полиция және балалар – бірге қауіпсіздік үшін» республикалық акциясы бастау алды. Осы бастама аясында №80 IT мектеп-лицейінің 7-11 сынып оқушылары бірыңғай мазмұндама жазды. Бұл жұмыс жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне және тәртіп нормаларын терең түсінуіне бағытталды.

Мазмұндама барысында оқушылар қауіпсіз қоғам қалыптастыруда әр азаматтың рөлі, заңға бағынудың маңызы, жеке құқықтар мен міндеттерді дұрыс қолданудың қажеттілігі жөніндегі өз көзқарастарын жазбаша түрде жеткізді. Жасөспірімдер жауапкершілік, тәртіп, өзара сыйластық сияқты адами құндылықтардың қоғам тұрақтылығына тікелей ықпал ететінін ой елегінен өткізе отырып, өз ұстанымдарын анық көрсетті. Мектеп әкімшілігі үздік деп танылған мазмұндама авторларын атап өтті. Олардың қатарында 8 «фм-2» сыныбынан Талғат Дина мен Орақбаева Эсманур, сондай-ақ 9 «Ғ» сыныбынан Бақыт Дінмұхамед, Құралбай Раян және Серік Қазына бар. Бұл оқушылардың жұмыстары құқықтық ой-өрісті, жауапкершілік сезімін және өз пікірін сауатты жеткізе білу дағдыларын көрсеткені үшін ерекшеленді. Аталған акция «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен үндеседі. Бағдарлама оқушыларды құқықтық мәдениетті құрметтеуге, қоғамдағы қауіпсіздікке үлес қосуға және саналы өмірлік таңдаулар жасауға тәрбиелейді. Бірыңғай мазмұндама арқылы оқушылар заң талаптарын түсініп қана қоймай, оның мәні мен маңызын өз тәжірибелерімен байланыстыра білді.

Осындай ауқымды тәрбиелік шаралар жас буынның азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамытуға зор ықпал етеді. №80 IT мектеп-лицейінде өткен мазмұндама күні оқушылар үшін тек жазбаша жұмыс қана емес, «адал азамат» болуға бастайтын маңызды қадамдардың бірі болды. Айта кетейік, Қазақстан болашағы – білімді де тәрбиелі ұрпақ. Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын қабылдаған еді. Бағдарлама балабақшадан бастап мектеп пен колледжге дейінгі білім беру ұйымдарында жүйелі тәрбие жұмысын жүргізуге бағытталған. Оның басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дарытып, патриоттық рухты қалыптастыру, әділдік пен еңбекке баулу.