МЕКТЕПІШІЛІК АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №80 IT мектеп-лицейінде “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасының желілік жоспарына сәйкес «Білім мен таңдау жолындағы бірлескен қадам» тақырыбында жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті. Бұл кездесу отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге, оқушылардың оқу-тәрбие үдерісін жүйелі қолдауға бағытталды.
Жиналыста алғашқы болып отбасы тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, балалардың құқықтарын қамтамасыз ету, оларды қауіпсіз, қолдаулы ортада тәрбиелеу мәселелері талқыланды. Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершіліктің маңыздылығы түсіндіріліп, «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтары – адалдық, әділдік, жауапкершілік, сыйластық – отбасы тәрбиесінде де негізгі бағыт болу қажеттігі атап өтілді. Жиналыстың маңызды бөлігі 9–11 сынып оқушыларының қорытынды емтихандары мен білім жетістіктерін бағалау жүйесіне арналды. Ата-аналарға емтихан форматы, өткізу тәртібі, дайындық барысын бақылау тетіктері түсіндірілді. Сонымен бірге 11-сынып оқушыларының ҰБТ-ға дайындық деңгейі, жаңартылған форматтар, таңдаған пәндер бойынша нәтижелері және кәсіби бағдар беру жұмыстары жайлы ақпарат берілді. Кездесу барысында оқушылардың денсаулығын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. ЖРВИ, тұмау және АПВ инфекцияларының алдын алу жолдары, гигиена талаптарын орындау, маусымдық аурулардан сақтану шаралары бойынша ұсыныстар ұсынылды. Мектеп пен ата-ана ортақ профилактикалық жұмыстар жүргізудің өзектілігін атап өтті. Жиналыс соңында ата-аналар сұрақтар қойып, өз ұсыныстары мен ойларын бөлісті. Мұндай ашық диалог форматы мектеп пен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынас орнатуға, оқушының жеке дамуын қолдау үшін бірлескен әрекеттерді күшейтуге ықпал етеді.
Бұл кездесу «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына сәйкес оқушылардың саналы таңдау жасауына, білімге деген жауапкершілігін арттыруға және отбасы-мектеп серіктестігін нығайтуға маңызды үлес қосты десек, артық айтпаған болар едік. Айта кету керек, Қазақстанның әрбір балабақшасы, мектебі мен колледжінде жүзеге асып жатқан «Адал азамат» бағдарламасы – ел болашағына салынған инвестиция. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғамда әділдік пен бірлікті, еңбексүйгіштік пен жаңашылдықты орнықтыру – бағдарламаның басты міндеті.



