КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК МӘДЕНИЕТІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №80 IT мектеп-лицейінде 10-11 сынып қыздары үшін құқықбұзушылық пен кибербуллингтің алдын алуға бағытталған маңызды жиналыс өтті. Жиынға Шымкент ҚПД Қаратау аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Мырзабек Жансұлу Ержанқызы, полиция майоры Алдабергенова Асылзада Оралбекқызы, сондай-ақ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынбекова Айгерім Алтынбекқызы мен мектеп психологы Мырзалиева Самал қатысып, оқушыларға жан-жақты ақпарат ұсынды.
Қазіргі цифрлық дәуірде кибербуллинг, онлайн алаяқтық, жеке деректердің таралуы сияқты қауіптердің артуы жасөспірімдердің ақпараттық мәдениетін қалыптастыруды аса маңызды етеді. Жиын барысында мамандар қыздарға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін, кибербуллингтің негізгі түрлері мен оның психологиялық және құқықтық салдарын түсіндірді. Сонымен қатар, эмоционалды тұрақтылықты сақтау, конфликт жағдайларын дұрыс шешу, мектепте достық атмосфера орнату жолдары бойынша практикалық кеңестер берілді. Жиналыстың негізгі мақсаты – оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, саналы тұтынушы болуға үйрету және өз-өзіне, өзгелерге құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру. Киберқауіпсіздік нормаларын сақтау, күмәнді сілтемелерден аулақ болу, жеке ақпаратты жарияламау және қажет жағдайда ересектерден көмек сұрау сияқты маңызды дағдылар ерекше атап өтілді. Бұл шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен толық үндеседі. Бағдарлама жасөспірімдерді жауапкершілікке, әділдікке, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс пайдалануға және қоғамда қауіпсіз орта құруға тәрбиелейді. Кибербуллингке қарсы мәдениет қалыптастыру – осы құндылықтардың ажырамас бөлігі. Жиын соңында оқушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай тәрбиелік кездесулер жасөспірімдердің жеке қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, мектепте психологиялық жайлы орта қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
Айта кету керек, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – ұрпақ тәрбиесін балабақшадан бастап жүйелеуге арналған кешенді құжат. Ол жас буынды әділ, еңбекқор, отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары тұлға етіп қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай қадам елдің рухани жаңғыруына, ұлттық бірегейлікті сақтауға және бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеуге бағытталған.


