ШЫМКЕНТТЕ «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Шымкент қаласының инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын. Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
«Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарыла бастады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған.
Бүгін аталған орталыққа қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктерімен танысу барысында, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Естеріңізде болса, былтырғы жылы 106 көше жарықтанып, жалпы жарық көшелер көрстекіші 43,4 %-ға жеткен-ді. Биылмен қоса алғанда жарықтанған көшелер саны 324-ке артып, көрсеткішті 57%-ға ұлғайту көзделуде. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға 75%-ға жеткізу межеленген. Шымкент көшелерін түнгі жарықшамдармен қамту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек.