ДОСТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ОҚУШЫЛАРҒА ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №131 жалпы орта білім беретін мектепте 2025 жылдың 13 қарашасында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған іс-шара өтті. Мектеп директоры Жарасова Гүлжан Спандиярқызының басшылығымен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С. Қосалиеваның және қосымша білім беру педагогы Маметова Алияның ұйымдастыруымен өткізілген шара Білім басқармасының Әдістемелік орталығы «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының 2025 жылғы 5 қарашадағы хатына сәйкес «ДостықLIKE: достық қолын ұсын!» республикалық акциясы аясында өтті.
Іс-шара барысында 6-7 сынып оқушыларымен шебер қолдар шеберханасы форматында көркем еңбек сабақтары өткізілді. Мектептің көркем еңбек пәні мұғалімдері Н. Оспанов пен Ж. Керімбек оқушыларға қолөнердің негізгі әдістерін үйретіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Шеберхананың негізгі мақсаты – балаларды тек бір мамандыққа баулумен шектелмей, заманауи өмір талабына сай бірнеше дағды мен кәсіби бағытты меңгеруге ынталандыру болды. Шара барысында ұлттық өнер ерекшеліктері, айналадағы ортамен байланыс, еңбек пен шығармашылықты үйлестіру әдістері қарастырылды. Оқушылар әртүрлі өнер түрлерімен танысып, өз сезімдерін бейнелеу арқылы әсемдік әлемін ашуға үйренді. Бұл іс-шара балалардың эстетикалық талғамын, көркемдік қабілетін, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталды. Сонымен қатар, топтық жұмыс арқылы достық байланыстар қалыптасты, бір-біріне қолдау көрсету, ынтымақтастық және топ ішінде жауапкершілік дағдылары пысықталды. Мұндай шығармашылық әрекеттер «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен толық үйлеседі. Бағдарлама жас ұрпақты жауапкершілікке, өзіне және өзгелерге құрметпен қарауға, қоғамдық және мәдени құндылықтарды бағалай білетін тұлға ретінде тәрбиелеуді мақсат етеді. Шеберханалар арқылы оқушылар тек шығармашылық қабілеттерін жетілдіріп қана қоймай, жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, әлеуметтік дағдыларын қалыптастырады.
Нәтижесінде, №131 мектепте өткен шеберхана оқушылардың бос уақытын мазмұнды өткізумен қатар, достық қарым-қатынасқа, шығармашылықты тәжірибе жүзінде меңгеруге және өз мүддесін тиімді көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақты жан-жақты дамыған, жауапты, шығармашылыққа бейім және қоғамға пайдалы азамат ретінде қалыптастыруға елеулі үлес қосады.



