ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАНЫ ЖЕТІЛДІРУ ШАРАЛАРЫ ЖИІ ӨТКІЗІЛЕДІ
Түркістанда жастар арасындағы тәрбие мен құқықтық сананы жетілдіру шаралары жиі өтуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласында «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында кәмелетке толмаған балалар полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Бұдан өзге, Түркістан қаласында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаровтың айтуынша, шаһарда бір тәулікте полиция 276 құқық бұзушылықты тіркеді.
Оның 235 фактісі жасөспірімдер заңды өкілінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген. Бұдан басқа 25 ата-анаға балаларды тәрбиелеу талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ ұсақ бұзақылықтың 9 фактісі жойылған.
— Осы рейд барысында 270-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып отыр. Жасөспірімдер қылмысының жолын кесу мақсатында арнайы ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шараның нәтижесі бұл. Атап айтсақ, осы рейд кезінде қоғамдық орында мас күйде жүрген 5 азамат анықталды. Құқықбұзушылық жасауға бейім 14 жасөспірім мен қолайсыз 11 отбасы профилактикалық есепке алынды. Тұрғылықты жері бойынша профилактикалық есепте тұрған 100-ден аса кәмелетке толмағандар мен 120 қолайсыз отбасы тексеріліп, түсіндірме жүргізілді. Түнгі уақытта бейсауат жүрген жасөспірімдерді ұстауға арналған рейд әлі де жалғасады, — дейді Ерлан Асқаров.
Жалпы бала тәрбиесінің тізгінін босаңсытпау керек екенін барша жұрт біледі. Әйткенмен, өсіп келе жатқан жас өскіннің қателік жасауы жауапкершілікті сезінбеуден басталатынын шын түсінетін ата-ана аз. Мұны көне шаһарда түнделетіп жүретін жасөспірімдердің көптігінен анық байқауға болады. Жалпы, жасөспірімдердің сауық-сайран құрып, тұрғын үйлердің ауласында әңгіме-дүкен құруында тұрған ештеңе жоқ. Десе де, көптеген көңілді отырыстың соңы қайғылы аяқталып, қалыпты өмірдің бір бөлшегіне айналған көше кезбелігі қателікке ұрындырса, қайтпек керек?
Бірер күн бұрын түркістандық тәртіп сақшылары жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдермен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қайтты. Дәлірек айтқанда, полицейлер кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кезекті рет рейдтік іс-шараларды қолға алды. Бұл күні ойын-сауық орындары мен тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, олардың алкогольдік, темекі және өзге де тыйым салынған заттар мен сусындарды тұтынуы, сондай-ақ, оларға алкогольдік және темекі бұйымдарын заңсыз сатуға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Жоғарыда айтқанымыздай, рейдтік іс-шаралар жүргізілген бір тәуліктің ішінде полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 235 дерегін тіркеді. Бұдан бөлек, 10 жасөспірімнің ойын-сауық орындарында болғандығы анықталды. Сәйкесінше, аталған бұзушылықтар үшін олардың заңды өкілдері тиісті жауапкершілікке тартылды. Атап өтейік, бұл күндері кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бірнеше хаттама толтырылған. Бизнес өкілдері кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына жібергені үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ, рейдтік іс-шара барысында жасөспірімдер тарапынан жасалған ұсақ бұзақылықтың 9 дерегі анықталса, заңды өкілдердің міндеттерін өз деңгейінде орындамауының ондаған фактісі тіркелген.
– Көптеген ата-ана бала-ларының бос уақыты мен өз ортасындағы байланыстарына тиісті назар аудармауы кәмелетке толмағандардың заңсыз ортаға тартылуына әкелуі мүмкін екендігін ескермейді. Егер тұтастай алғанда, отбасы мен жалпы қоғам тарапынан қалыптастырылған құқықтық сана болмаса, полицейлер жүргізген көптеген түсіндірме жұмыстары, дәрістер және басқа да алдын алу шаралары тиісті нәтиже бермейді, – дейді Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Ерлан Асқаров.
Жалпы жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салу, көңіл көтеру орындарына заң талабын орындату оңай шаруа емес. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлері жоспарға сай рейд жүргізіп, тиісті рұқсат қағаздарына қол жеткізуге талпынып келеді. Әйткенмен, құқық қорғау қызметкерлерінің қарасынан қаймықпайтын кәмелетке толмағандардың бар екенін ұмытпаған жөн. Осындай сәттерде ата-анасының бала тәрбиесінде олқылық жібергенін бірден ұғамыз. Өкінішке қарай, ұл-қызына қаталдық танытпайтын осындай жауапсыз әке-шешелердің кесірінен көше кезетін жасөспірімдердің қатары азамай отыр.
Елімізде жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азайған жоқ. «Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Осы орайда бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын. Сарапшылардың айтуынша жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі нақты мақсат-мүддесінің жоқтығы екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ.Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын өзгертулер енгізу қажет.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елде 6 716 565 отбасы бар. Оның 2 416 364-і ғана жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы – қанағаттанарлық, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 432 отбасының жағдайы нашар (ең көбі Алматы облысында 106 247, Түркістан облысында 85 985, ШҚО-да 69 986 және Алматы қаласында 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, соны¬мен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым. Сондықтан жасөспірімдер қылмысының жиілеуі көп.
Ресми мәлімет бойынша, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Соның ішінде 38 кәмелетке толмаған жасөспірім теріс қылық көрсетсе, 536-сы түрлі деңгейдегі қылмыс жасаған. Мәселен, 254 адам ауырлығы орташа, 225 адам – ауыр, 44 адам – орташа ауыр, 13 адам аса ауыр қылмыс тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың басым бөлігі Алматы облысына тиесілі (66 оқиға). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (50 оқиға), Қарағанды және Түркістан облыстары (47 оқиға) да жасөспірімдер қылмысы көп аймақтар қатарында. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (12 адам) тіркелген.