ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

Түркістан облысы Төлеби ауданында білім саласын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі жүзеге асты. Ауданға қарасты Қосағаш елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 300 орындық жаңа мектеп салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл – ауылдық жерде білім сапасын арттыруға, оқушыларға заман талабына сай жағдай жасауға бағытталған ірі әлеуметтік жобалардың бірі.
Жаңа білім ошағының ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, ұстаздар қауымын, ата-аналар мен оқушыларды айтулы қуанышпен құттықтады. Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан басшылары бұл мектептің ел болашағы саналатын жас ұрпақтың сапалы білім алуына зор мүмкіндік беретінін атап өтіп, Мемлекет басшысының білім саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын ерекше атап өтті. Қосағаш елді мекенінде ашылған «Келешек мектебі» – білім беру сапасын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған заманауи үлгідегі мектеп. Мұнда оқу процесін тиімді ұйымдастыруға арналған кең әрі жарық сынып бөлмелері, әр пәнге арналған арнайы кабинеттер мен зертханалар қарастырылған. Интерактивті тақталармен жабдықталған сыныптар оқушылардың сабақты қызығушылықпен меңгеруіне жағдай жасайды. Сонымен қатар мектепте робототехника және IT бағытындағы арнайы сыныптар, заманауи компьютерлік кабинеттер, түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер бар. Бұл оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық дағдыларын дамытуына, цифрлық технологияларды ерте меңгеруіне мүмкіндік береді. Кітапхана мен оқу залдары да заман талабына сай жабдықталып, оқушылардың өздігінен білім алуына қолайлы орта қалыптастырылған.
Оқушылардың қауіпсіздігі мектеп жобасында басты басымдық ретінде қарастырылған. Білім беру мекемесі толықтай бейнебақылау жүйесімен, өртке қарсы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бұл оқу орнының қауіпсіз әрі қорғалған орта болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар инклюзивті білім беру талаптары да ескерілген. Мектеп ғимаратында пандустар орнатылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы санитарлық тораптар қарастырылған. Жаңа мектепте оқушылардың жан-жақты дамуына арналған инфрақұрылым да толық қамтылған. Спорт залы, ашық спорт алаңдары және заманауи асхана балалардың денсаулығын нығайтуға, дұрыс тамақтануына және белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде оқушылардың оқу үлгерімі мен жалпы дамуына оң әсерін тигізеді. Аталған білім беру нысанының құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталған. Мектептің жалпы жер аумағы 1,97 гектарды құрайды. Жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы мердігерлер мен жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесі екені атап өтілді.
Айта кету керек, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Төлеби ауданында тек Қосағаш елді мекенімен шектелмей, өзге де ірі білім беру нысандары ел игілігіне беріліп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес, Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, ал Киелітас елді мекенінде 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұл білім беру нысандары аудан мектептеріндегі орын тапшылығын азайтып, үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы алғанда, Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға, жас ұрпаққа тең мүмкіндік беруге бағытталған. Заманауи мектептердің ашылуы өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беріп, болашақта білікті мамандар даярлауға берік негіз қалайды.



