ИЗРАИЛЬДІҢ ҰЛТТЫҚ СУ КОМПАНИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА НИЕТТІ

Түркістан облысының су шаруашылығы саласын жаңғырту және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы халықаралық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде. Осы орайда өңірге Израиль мемлекетінің «Mekorot» ұлттық су компаниясының делегациясының жұмыс сапарымен келуі аймақ үшін стратегиялық маңызы бар оқиға болды. Делегацияны Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қабылдап, тараптар су инфрақұрылымын дамыту, заманауи басқару тәсілдерін енгізу және екіжақты әріптестікті кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында су ресурстарын тиімді басқару мәселесі негізгі тақырыптардың бірі ретінде көтерілді. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы басым, халқы тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Климаттық өзгерістер, су тапшылығы және су инфрақұрылымының тозуы аймақ үшін өзекті сын-қатерлер туындатып отыр. Осыған байланысты облыс басшысы халықаралық тәжірибені, әсіресе су тапшылығы жағдайында тиімді басқару үлгісін қалыптастырған Израиль компаниясының тәжірибесін зерделеу өңір үшін аса маңызды екенін атап өтті. Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан облысының су шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспарлары бар екенін жеткізді. Әсіресе ауыз су қызметтерін цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 351 660 абонентті цифрландыру жұмыстары «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында кезең-кезеңімен іске асырылуы жоспарланып отыр. Бұл бастама су тұтынуды нақты есепке алуға, шығындарды азайтуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық шешімдер мен басқару технологияларын енгізу өңірдің су шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтереді деген сенім білдірілді.
«Mekorot» компаниясының президенті Даниэль Соффер кездесуде компанияның қызметі, Израильдегі су ресурстарын басқару жүйесі және Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы кеңінен баяндады. Ол «Mekorot»-тың су тапшылығы, климаттық тәуекелдер және халық санының өсуі жағдайында тиімді жұмыс істеп келе жатқан бірегей ұлттық оператор екенін атап өтті. Компанияның жинақтаған тәжірибесі халықаралық ұйымдар тарапынан су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің озық үлгілерінің бірі ретінде мойындалғаны да кездесу барысында айтылды. Тараптар өңірдегі су инфрақұрылымын жетілдіру, мамандар даярлау, технологиялық шешімдерді енгізу және тәжірибе алмасу бағыттарында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады. Бұл ретте бірлескен жобаларды іске асыру арқылы Түркістан облысының су шаруашылығы саласын жүйелі түрде жаңғырту көзделіп отыр. Кездесу қорытындысында екі жақ су саласындағы әріптестікті дамытуға мүдделі екенін білдіріп, нақты ұсыныстарды алдағы уақытта бірлесіп қарастыруға уағдаласты.
Айта кету керек, Түркістан облысында соңғы жылдары ауыз сумен қамту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы 801 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылды. Дегенмен, бүгінгі таңда облыс көлемінде 430 мыңнан астам тұрғыны бар 155 елді мекенде ауыз су кестемен беріліп отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 2025–2028 жылдарға арналған арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Жоспар аясында 2025 жылы 37 елді мекендегі 100 мыңға жуық халық тәулік бойы ауыз сумен қамтылды. Ал биыл тағы 39 елді мекендегі мәселені шешу көзделіп отыр. Израильдің «Mekorot» компаниясымен орнатылған байланыс Түркістан облысы үшін су ресурстарын басқаруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды енгізу арқылы өңірдің су қауіпсіздігін нығайту, ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық секторды тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу күтілуде. Бұл сапар Түркістан облысының жаһандық деңгейдегі серіктестікке ашық екенін және стратегиялық маңызы бар салаларды дамытуда халықаралық әріптестікке басымдық беріп отырғанын айқын көрсетті.



