САЯСИ РЕФОРМАЛАР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамның алға жылжуы мен мемлекеттің өркендеуіне сеп болар батыл бастамалар мен міндеттер жайы айтылды. Кемел келешекті қалыптастыруға ықпал етер мақсаттар қойылды.

Осы орайда, маңызды құжатта айтылған маңызды міндеттерді қоғамға түсіндіру мақсатында еліміздің түкір-түкпірінде жиындар ұйымдастырылуда. Мәселен, жуырда Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ербол Байқонысов аудан тұрғындарына жаңа экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, саяси реформаларды жан-жақты түсіндіріп берді. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Қазіргі таңда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қала және аудандық деңгейде қоғамдық қабылдаулар жүргізілуде. Халықтың талап-тілегін басты назарға алып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелелерін шешу міндеті тұр. Қандай мәселе болса да біз тыңдауға дайынбыз» – деді Ербол Рәбілұлы

Ербол Байқонысов ендігі кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып, Әділетті Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосуға шақырды. Аудан тұрғындарының көкейдегі сауалдарына жауап берді. Жалпы маңызды құжатта айтылған бастамалар жайын терең зерделеу мен халыққа түсіндіру мақсатында үшінші мегаполисте біраздан бері аудан тұрғындарымен жиындар өткізіліп келе жатыр. Онда тұрғындар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасуда. Еліміздің дамуына атсалысу – әрбір азаматтың желкесіне жүктелген жауапкершілік. Осы орайда, жарқын болашаққа бірлесе қадам басқанда ғана қоғам дамиды. Яғни Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлік пен ынтымақ керек.