ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

Түркістан облысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау, қоғаммен ашық диалог орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы міндет аясында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау Кентау қаласында жалғасын тапты. Бұл бастама азаматтардың мәселесін жедел әрі сапалы шешуге, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Қоғамдық қабылдау Кентау қаласындағы жастар ресурстық орталығында өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған кездесуге қала тұрғындары белсенді қатысып, партия бастамасымен құрылған диалог алаңының мүмкіндігін кеңінен пайдаланды. Қабылдауға әкімдік қызметкерлері, облыстық және қалалық деңгейдегі департамент пен басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, халыққа қызмет көрсетуші ұйымдар, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, банк және әлеуметтік сала мамандары қатысты. Жалпы саны 60-қа жуық мекеме мен ұйым өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, нақты түсіндірмелер ұсынды. Қоғамдық қабылдаудың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және басқа да жауапты тұлғалар қатысты. Олар мұндай алаңдар тұрғындар көтерген мәселелерді мүмкіндігінше жедел әрі сапалы шешуге ықпал ететінін атап өтті.

Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы азаматтардың мәселесін кейінге қалдырмай, нақты әрі әділ шешу жөнінде тапсырма берген. Осы бағытта партия тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылы облыстық партия филиалына 15 687 өтініш келіп түскен. Соның 10 547-сі, яғни 67,2 пайызы оң шешімін тапқан. Бұдан бөлек, 5082 өтініш бойынша құқықтық кеңес беріліп, облыстық, аудандық және қалалық партия филиалдарында 3488 қабылдау өткізілген. «Құқықтық көмек» жобасы аясында 107 қабылдау ұйымдастырылып, 787 азаматтың өтініші тыңдалған. Кентау қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық ерекшеліктері бар екенін атап өткен партия жетекшісі мұнда тұрғын үй қорының тозуы, инженерлік желілерді жаңарту, жұмыспен қамту, жастар саясаты мәселелері жиі көтерілетінін жеткізді. Бұл түйткілдер жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Қабылдау барысында айтылған әрбір өтініш партиялық бақылауға алынып, орындалуы қадағаланады.

Қабылдау кезінде партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындардың өтініштері жеке-дара қаралды. Кентаулықтар тұрғын үй қатынастары, жер мәселесі, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, алимент, несие жүктемесі, мұрагерлік, отбасылық мәселелер және коммуналдық қызмет сапасына қатысты сауалдарын көтерді. Нотариустар мен адвокаттар құқықтық кеңес беріп, медиаторлар даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу жолдарын түсіндірді. «Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелеу тетіктері туралы ақпарат ұсынды. Көптеген өтініштер сол жерде шешімін тапса, бірқатары бақылауға алынды. Қала тұрғындары тарапынан тұрғын үй саласына қатысты сұрақтар басым болды. Көпқабатты үйлердің тозуы, инженерлік инфрақұрылымның жағдайы, ауыз су мен жылу жүйесі, кондоминиум құру, аулаларды абаттандыру, аяқжолдар төсеу, ойын және спорт алаңшаларын салу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар орамішілік жолдарды жөндеу, бағдаршам орнату, жаяу жүргіншілер өткелдерін көбейту, жол қауіпсіздігін арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Әлеуметтік мәселелер қатарында мүгедектікті рәсімдеу, санаторлық-курорттық жолдамалар, жылу тарифі, газбен қамту, арендалық тұрғын үй және жастар практикасына қатысу шарттары бойынша сұрақтар қойылды. Кездесу соңында тұрғындар мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, нақты мәселелердің шешілуіне оң әсер ететінін атап өтті. «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы түстен кейін Қарнақ елді мекенінде жалғасты.