ТАРИХИ ТЕМІРЖОЛ АЙМАҒЫ ТУРИЗМ МЕН МӘДЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы теміржол вокзалы маңы мен ескі шаһар аумағын аралап, бірқатар тарихи нысандардың бүгінгі жай-күйімен танысты. Сапар барысында өңір басшысы теміржол инфрақұрылымына жақын орналасқан ғимараттардың тарихи келбетін сақтай отырып, оларды туристік және мәдени бағытта дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Аймақ басшысы алдымен Абылайхан көшесінде орналасқан «Жолаушылар көлігі орталық дирекциясы» ғимаратына барды. Жалпы аумағы 0,35 гектарды, ғимарат көлемі 735 шаршы метрді құрайтын бұл нысан алдағы уақытта тарихи сәулеттік ерекшеліктері сақтала отырып қайта жаңғыртылмақ. Жобалық жоспарға сәйкес, мұнда мұражай ашу, сондай-ақ келушілерге арналған дәмхана мен фудкорт орналастыру көзделіп отыр. Бұл бастама қалаға келген туристер үшін қолайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс әкімі Абылайхан көшесінде орналасқан тағы бір тарихи нысан – «Бригадашылар үйінің» қазіргі жағдайымен танысты. Жалпы аумағы 0,11 гектар, көлемі 367 шаршы метр болатын ғимаратты қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл нысанда теміржол саласының тарихын дәріптейтін арнайы мұражай ашу, сондай-ақ шағын дәмхана ұйымдастыру көзделген. Жоба жүзеге асқан жағдайда, теміржол саласының қалыптасуы мен дамуы туралы мол ақпарат беретін мәдени нысан пайда болмақ.
Сапар барысында Тәукехан көшесінде орналасқан жергілікті маңызы бар сәулеттік нысандар кешені де назардан тыс қалмады. Жалпы аумағы 0,42 гектарды құрайтын бұл аумақта төрт ғимарат орналасқан. Оның ішінде бір ғимараттың аумағы 500 шаршы метр болса, қалған ғимараттардың жалпы көлемі 2000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар бұл аумақта 2500 шаршы метрлік сквер бар. Жобалық жоспарға сәйкес, ғимараттардың сәулеттік бейнесі сақталып, олар мұражай ретінде пайдаланылып, теміржол тақырыбындағы абаттандырылған скверге айналмақ. Аталған жобалардың жүзеге асуы Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттырып, теміржол маңындағы аумақты мәдени-танымдық туристік аймаққа айналдыруға жол ашады. Тарихи мұраны сақтау мен заманауи инфрақұрылымды үйлестірген бұл бастамалар қала тұрғындары мен туристердің қызығушылығын арттырады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданбақ.
Айта кетейік, Түркістан теміржол вокзалы еліміздегі ең көне әрі тарихи вокзалдардың бірі саналады. Деректерге сүйенсек, вокзал 1904 жылы салынған. 120 жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан бұл нысан Түркістан қаласының экономикалық дамуына, қала аумағының кеңеюіне және туристер ағынының артуына айтарлықтай үлес қосты. Вокзал мен оның айналасындағы тарихи ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктері өткен ғасырдың тынысын бүгінгі күнге жеткізіп, қаланың тарихи болмысын айшықтай түсуде.



