«KHAN TAU» БРЕНДІМЕН СМАРТ-ҚҰРЫЛЫСТАР ӨНДІРІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан облысында жоғары технологиялы өндірісті дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі нақты іске асуда. 2025 жылы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында «Shandong Kamoya» зауытының өндірістік қуаты мен инновациялық шешімдері жан-жақты зерделенген болатын. Сол келіссөздердің нәтижесінде бүгінде Түркістан облысында «KHAN TAU» брендімен заманауи капсулалы үйлер шығарыла бастады.
Аталған капсулалы ғимараттар туристік кешендер мен глэмпингтерге, модульдік кеңселер мен мобильді тұрғын үйлерге, көрме павильондары мен дала зертханаларына, сондай-ақ қонақүй бизнесіне кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Бұл шешімдер қазіргі урбанистика мен туризм саласындағы заманауи талаптарға толық сай келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығы маңында орналасқан шағын өндірістік паркке арнайы барып, жаңа өндіріс нысандарының жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен бой көтерген бұл өндірістік паркте инвесторлар үшін барлық инфрақұрылым қарастырылған. Сол ғимараттардың бірінде «BNK Group» компаниясы Қытайдың «SHANDONG CAMOVA WISDOM CULTURE TRAVEL» компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлер мен инновациялық модульдік смарт-құрылыстар өндірісін іске қосты.
Жоба заманауи жобалау және өндірістік технологиялар негізінде жүзеге асырылып отыр. Бұл туристік, қалалық және инфрақұрылымдық салаларға арналған энергия үнемдейтін, мобильді әрі көпфункционалды дайын құрылыс шешімдерін шығаруға жол ашады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 данаға дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Аталған смарт-құрылыстарды ішкі туризмді дамыту, туристік кластерлер қалыптастыру, қалалық ортаны абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында пайдалануға болады. Жоба өңірге инвестиция тартуға, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға және құрылыс саласына заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған. Сонымен қатар «BNK Group» компаниясы өз өндірістік базасында заманауи сэндвич-панельдер өндірісін де жолға қойды. Жоғары технологиялық желі тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өндірілетін сэндвич-панельдер жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік, ұзақ мерзімділік және өрт қауіпсіздігі талаптарына толық жауап береді.
Өндірістің іске қосылуы өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық нәтиже беріп отыр. Нәтижесінде 30-ға дейін тұрақты жұмыс орны құрылды. Жоба импортты алмастыруға, жергілікті өндірісті дамытуға және өнеркәсіптік, азаматтық әрі аграрлық құрылыс салаларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс әкімі өндірістік парктегі нысандар құрылысын қадағалап, бұл алаңдарға жаңа өндірістерді жедел орналастыру және жобаларды іске асыру қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Айта кетейік, Түркістан маңында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда облыс бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылып, құрылыс материалдары, жиһаз, пластик, резеңке, химия және жеңіл өнеркәсіп бағыттарында бірқатар зауыттар жұмысын бастап үлгерді.



