ОРДАБАСЫДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӘНЕ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестициялық ахуалды нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында аудан, қала әкімдері өз аймақтарындағы жобаларды іске асыру барысы туралы баяндама жасады. Оның ішінде Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев аудандағы инвестициялық ахуал, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Аудан әкімі баяндамасында соңғы жылдары Ордабасы ауданына тартылған инвестиция көлемінің артқаны және бірқатар ірі жобалардың іске асырылғанын атап өтті. Өткен жылы ауданда жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 5 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 364 жаңа жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, қыш зауыты, алюминий профилдерін өндіретін зауыт және инновациялық темірбетон өндіріс орны ашылды. Бұл жобалар аудан экономикасының әртараптануына және өндірістік әлеуеттің артуына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ соңғы төрт жыл ішінде аудан экономикасына жалпы 173,8 млрд теңге инвестиция тартылып, оның ішінде 2025 жылы 59,6 млрд теңге игерілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын дәлелдеді. Инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуы аудандағы жұмыс орындарын көбейтіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы кезеңде де маңызды жобаларды іске асыру жоспарланған. 2026 жылы жалпы құны 55 млрд теңге болатын 57 жоба жүзеге асырылып, 1 163 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұл жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлік, энергетика және туризм салаларын қамтиды. Жаңа жобалардың іске асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Сонымен қатар Ордабасы ауданында «Бадам» индустриялық аймағы мен «Темірлан» өндірістік паркін дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Аудан аумағында инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, электр, су және жол жүйелерін жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл өндірістік алаңдар инвесторларға тиімді жағдай жасап, жаңа кәсіпорындардың құрылуына мүмкіндік береді.
Аудан мен Қытай Халық Республикасының бірлескен жобалары аясында агроөнеркәсіп, өндіріс және инновациялық бағыттағы бастамалар қолға алынған. Әсіресе, аграрлық салада жаңбырлатып суару технологияларын қолдану, өндірістік базаларды жаңғырту және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Инновациялық жобалар инфрақұрылым мен заманауи технологияларды біріктіре отырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өсімге серпін береді. Инвестициялық штаб отырысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы іске асуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беруді тапсырды. Әкімнің атап өтуінше, әрбір жобаның табысты іске асуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар, инвесторларға толық қолдау көрсету, инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешу және жобаларды бақылау механизмін күшейту қажеттігі баса айтылды.
Ордабасы ауданындағы инвестициялық жобалардың жүйелі іске асырылуы өңірдің экономикалық дамуын жеделдетіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық жобалар инвесторлар үшін тиімді жағдай жасап, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады. Аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында ашық диалог орнату арқылы жобалардың сапалы жүзеге асырылуы қадағаланып, берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауда болады. Жалпы, Ордабасы ауданындағы инвестициялық бастамалар экономиканың әртараптануына, әлеуметтік-экономикалық дамуға және өңірде тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосып отыр. Алдағы жылдары іске асырылатын жобалар тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеріп, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

