«ECOCULTURE-EURASIA» ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысының Келес ауданында агроөнеркәсіптік дамуға елеулі серпін беретін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе ауыл округінде 51 гектар аумақта салынатын өнеркәсіптік жылыжай кешені өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдап, жобаның іске асырылу барысын және атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен талқылады.
Облыс әкімі кездесуде жоба маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру өңірдің агроөнеркәсіптік дамуына жаңа серпін береді деп атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі ретінде бірнеше рет атағанын еске салған әкім, отандық ауыл шаруашылығы өнімін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Жоба аясында жылына 25 мың тонна қызанақ өндіріліп, өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, ішкі нарықты тұрақтандыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нақты үлес қосу көзделген. Сонымен қатар кадрларды оқыту, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Әкімдік тарапынан жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетіні хабарланды. Алмас Дауытов жобаның қазіргі жағдайы мен жоспарлары туралы баяндап өтті. Оның айтуынша, жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, қажетті инфрақұрылым толық жеткізілген. Жобаның әлеуетін арттыру мақсатында жергілікті тұрғындарды жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ жастарды Ресейде тәжірибе алмасуға жіберу жоспарланған. Кешеннің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайту мақсатында жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парктің құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл өндірістік парк өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Мұндай қадам логистикалық шығындарды едәуір азайтып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілу жоспарланып отыр, жоба толық іске қосылғанда 800 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму банкі» АҚ арқылы жүргізілуде. 2023 жылы 23,5 млрд теңге бөлінген, жылыжай Нидерландтан жеткізілген заманауи жабдықтармен жабдықталған. Қазіргі уақытта кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды, сыртқы және ішкі желілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешен, материалдық-өндірістік қоймалар, бақылау-өткізу пункті, қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймалары салынып, 8 жылыжай блогы мен техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылған. Кешеннің ресми ашылуы келесі көктемде жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1 715 гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы үлесін 76 пайызға жеткізді. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілді. Бұл деректер Келес ауданындағы агроөнеркәсіп секторында жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелі екенін және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін дәлелдейді. Жалпы, «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, отандық өндірісті қолдауға, ішкі нарықты тұрақтандыруға және мыңдаған тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.



