БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуы елімізде бұл саланы экономиканың маңызды бағыты ретінде қалыптастыруға жол ашты. Осы тапсырма аясында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілді. Бұл бастама өңірлерде жүйелі түрде іске асырылып, нақты нәтижелер беріп келеді.
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту жұмыстары облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, жоспарлы әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Үкімет қаулысында айқындалған мақсаттарға сәйкес, 2030 жылға дейінгі 10 жыл ішінде облыста тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Аталған межелер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған. Саланы дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңызы зор. Осы мақсатта 2026 жылға облыстық бюджеттен акваөсіру саласын субсидиялауға 500 млн теңге қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеу үшін 144 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржылай қолдау кәсіпкерлердің өндірістік шығындарын азайтып, жаңа жобаларды іске қосуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін тиісті басқарма тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылды. Бұл топ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес жұмыс істейді. Оның құрамына басқарма мамандарымен қатар балық шаруашылығы инспекциясының және ветеринария саласының білікті қызметкерлері енгізілген. Жұмысшы топтың басты міндеті – балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге субсидиялау тетіктерін, талаптар мен рәсімдерді жан-жақты әрі түсінікті түрде жеткізу. Кездесулер барысында кәсіпкерлерге субсидия алу үшін қажетті құжаттар тізбесі, өтінім беру тәртібі, инвестициялық шығындарды өтеу шарттары және өзге де өзекті мәселелер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар сала өкілдерінің сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, тәжірибелік ұсыныстар айтылды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің сенімін арттыруға ықпал етуде.
Қазіргі таңда Түркістан облысында аквакультура саласында 200-ге жуық субъект қызмет атқарып отыр. Өңір аумағында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның ішінде 74 су айдыны конкурстық негізде кәсіпкерлерге бекітілген болса, 30 су айдыны резервте сақталуда. Бұл көрсеткіштер облыста балық шаруашылығын кеңейтуге қолайлы табиғи және өндірістік әлеуеттің бар екенін аңғартады. Балық шаруашылығын дамыту тек ауыл шаруашылығының бір саласын ілгерілету ғана емес, сонымен қатар өңір экономикасын әртараптандырудың тиімді жолы. Саладағы өндіріс көлемінің артуы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар саланың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге негіз болуда. Мемлекеттік қолдау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы өңірді еліміздегі балық шаруашылығының жетекші орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

