ҚОШ БОЛ, МҰХТАР АҒА… АҚЫННЫҢ ДЕНЕСІ ЖЕР ҚОЙНЫНА ТАПСЫРЫЛДЫ

Тірісінде туралықтан танбай, тіл мен ділдің деңгейін бәрінен биік қойған біртуар тұлға, ұлттың ұжданы — Мұхтар Шаханов ақырғы сапарына аттанды. Бүгін Оңтүстік жұртшылығы кешегі алыптардың соңғы өкілімен қимай қоштасып, ақтық сапарға шығарып салды. Ақиқаттың алдаспаны болған ақынның жаназасы Түркістан облысы, Отырар ауданындағы өз шаңырағынан шығарылды.
Қаралы жиынға ақынның көзін көрген замандастары, үзеңгілес әріптестері, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зиялы қауым мен жырларын жатқа оқыған қалың оқырманы келді. «Сезімді сана биігінде жолығу» деп бағалаған ақынды жұртшылық бүгін тебірене еске алды. Жиналғандардың қарасынан-ақ Мұхтар Шахановтың халық үшін қаншалықты қадірлі болғанын аңғару қиын емес.
Бүгін Отырар топырағында тек қоштасу ғана емес, ұлы тұлғаға деген шынайы құрметтің үлгісі көрсетілді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қаралы жиында қабырғасы қайыса сөйлеп, ақынның отбасы мен күллі қазақ халқына қайғыра көңіл айтты. Өңір басшысы өз сөзінде Мұхтар Шахановтың есімі туған жеріндегі мектепке берілгенін де айтты.
Бұған дейін ақынның жары Ханшайым Шаханова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми өтініш жолдаған болатын. Онда ақынның соңғы аманаты — өзін қасиетті Арыстанбаб кесенесінің маңына жерлеу екені айтылған.
Ұлттың ұлы перзенті бүгін кіндік қаны тамған өлкесінде, қоғам ауылдық зиратында мәңгілікке дамыл тапты.
Мұхтар Шаханов — бір дәуірдің үні, бір ұлттың рухы еді. Ол кеткенімен, «Желтоқсанның шындығы», «Өркениеттің адасуы» мен «Махаббатты қорғау» туралы жырлары ұрпақ жадында мәңгі қалады.
«Екеуміз жолықтық,
Бірақ тым кеш жолықтық,
Достасудан от тұтатып, қоштасуға қорықтық», — деп жырлаған ақынмен бүгін біз қоштасудамыз… Қош бол, қазақтың Мұхтары!



